Студенттер лигасы: Алматыда жаңа маусымы басталды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңа маусымға 128 команда тіркелді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өткен демалыс күндері 10-11 қазанда 2026-2027 жылдарға арналған Алматы студенттер лигасының жаңа маусымы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаланың Спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, футбол, баскетбол және волейбол жарыстарына қаланың 43 жоғары оқу орнынан 1500-ден астам студент қатысады.
 
Жаңа маусымға 128 команда тіркелді. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 20 командаға көп. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба студенттік спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жоғары оқу орындары арасындағы спорттық байланысты нығайтуға бағытталған.

Маусым 10 қазанда баскетбол және футбол матчтарымен басталды. Футбол ойындары «Жас Қыран» стадионында өтті. Ал 11 қазанда жарысқа волейбол командалары қосылды.

Футбол турниріне 27 команда қатысады. Баскетболдан чемпиондық атақ үшін 30 ер және 11 әйелдер командасы бақ сынайды. Ал қатысушылар саны жағынан волейбол көш бастап тұр. Бұл спорт түрінен 33 ерлер және 27 әйелдер командасы жарысқа қатысады.

Биылғы маусымда лигаға жаңа командалар қосылды. Футбол турниріне алғаш рет Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ-Америка университеті және ҰҚК академиясы қатысады. Ал баскетбол жарысына Азаматтық авиация академиясы, SDU, Қазақ-Америка университеті және Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті қосылды.

Жарыстар екі кезеңде өтеді. Күзгі кезең 2026 жылғы қазаннан желтоқсанға дейін, ал көктемгі кезең 2027 жылғы ақпаннан сәуірге дейін жалғасады. Командалар дайындық деңгейіне қарай дивизиондарға бөлініп, айналмалы жүйе бойынша өзара бақ сынайды. Сәуір айында жинаған ұпайларының қорытындысы бойынша маусым жеңімпаздары анықталады.

Жарыс басталуына орай лиганың aslalmaty.kz бірыңғай сайты іске қосылды. Платформада матчтар кестесі, турнирлік кестелер, ойыншылар статистикасы, жаңалықтар мен жарыстардың трансляциялары жарияланады.

Оқи отырыңыз: Denis Ten Memorial Challenge 2026: Алматыда мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирі аяқталды