ҰҚК ардагерлері арасында бильярдтан VIII ашық турнир өтті

27.04.2026 15:39

Әріптестері генерал-майор Сәбет Малғаждарұлы Жақыпбековті еске алды

Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлері арасында бильярд спортынан дәстүрлі VIII ашық турнир өтті. Бұл іс-шара еліміздің үкіметтік байланыс жүйесінің іргетасын қалап, оны 23 жыл бойы абыроймен басқарған көрнекті генерал-майор Сәбет Малғаждарұлы Жақыпбековті еске алуға арналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2019 жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнир оның еңбек жолындағы үздік дәстүрін жалғастыратын маңызды рухани-спорттық алаңға айналды. Спорттық сайысқа қатысушы ардагерлер Сәбет Малғаждарұлының жарқын бейнесін құрметпен еске алып, достық пен ынтымақтастықтың тамаша үлгісін көрсетті.

«Турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 38 ардагері қатысып отыр. Оның ішінде 12 генерал бар. Ең бірінші турнир Астана қаласында өтті, биыл Алматыға келдік. Турнир тек спорт емес, ардагерлердің бас қосып, сырласып, әңгіме айтып жүретін ортаға айналды», – деді ҚР ҰҚК Мемлекеттік байланыс қызметі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымхан Есімсейітов.

«Қазақстанның қауіпсіздігіне әжептәуір атсалысып жүргенде сол кісімен таныстық. Өте мәдениетті, білімді, сауатты, жауапкершілгі мол азамат. Бүгін сол кісіге арнап жылда өткізілетін турнир өтіп жатыр, ол бильярдты жақсы көретін», – деді  «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің президиум төрағасы  Бексұлтан Сәрсеков.

Оқи отырыңыз: Run for Autism: Елордада қайырымдылық жарысы өтті