"Қайрат" – "Реал" матчында қақпаны жас ойыншы Шерхан Қалмырза қорғамақ
"Халықтың сенімін ақтауға тырысамыз". Бұл туралы «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин мәлімдеді. Ол тілшілермен өткен жиында қарсыластың атағына қарамастан, тартысты ойын өткізетіндерін жеткізді. Сонымен қатар қақпаны жас ойыншы Шерхан Қалмырзаның қорғайтынын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Құшағына 23 800 жанкүйерді сыйғызатын стадионға тура бес күннен кейін әлемнің әйгілі клубы «Реал Мадрид» табан тіремек. Винисиус Жуниор, Киллиан Мбаппе бастаған жойқын шабуылшылар «Қайраттың» қақпасына гол салуға тырысады. Ал жасындай жарқылдаған Дастан Сәтпаев, Мрынский, Грамыко бастаған алаң иелері өз жанкүйерлерін қуантуға барын салады. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтиннің айтуынша, жігіттердің барлығы дәл осы ойынға сақадай сай.
«26 қыркүйекке жоспарланған «Жетісумен» кездесуді 5 қазанға шегердік. Осылайша, тыңғылықты дайындық жасауға толық 8 күн бар. Бұл мерзім ойыншылардың бабын тауып, күш жинауына жеткілікті. Біз жанкүйер сенімін ақтауға барымызды саламыз. Алаңға шыққанда абыроймен өнер көрсету - басты міндетіміз», - деді «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин.
Бас бапкердің айтуынша, «Реалға» қарсы өтетін матчқа арналған нақты құрам әзірге жасақталмаған. Ол шешім алдағы күндері ойыншылардың физикалық дайындығы мен психологиялық жағдайына қарай айқындалмақ. Ал команда капитаны болса, ұжымдағы ішкі атмосфераның жоғары деңгейде екенін атап өтіп, бір мақсат жолында еңбектеніп жатқанын жеткізді.
«Ішкі атмосферамыз өте жақсы. Бір-бірімізге көмек көрсетіп, алдағы ойынға мықты, жоғары қарқынмен дайындалып жатырмыз. Жанкүйерлерге мықты, тартысты ойын көрсетіп, намысты бермейміз, жеңіске жетеміз деген ойдамын», - деді «Қайрат» футбол клубының капитаны Әділет Сәдібеков.
Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, көпшілік асыға күтетін ойынға шетелден 5 мыңға жуық қонақ келмек. Тіпті Испанияның өзінен мыңға тарта жанкүйер мұхит асып жолға шығады делініп отыр. Осыған байланысты қала қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары жолаушылар көп шоғырланатын орындарда тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондай-ақ ойын күні 2 жарым мыңнан астам полицей қызметке тартылады.
«Қайрат» пен «Реал» командалары арасындағы халықаралық футбол матчының қарсаңында Алматы қаласының полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Қызметке 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері, сондай-ақ Ұлттық ұланның 300 әскери қызметшісі жұмылдырылады. Олардың міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, жанкүйерлер мен матчқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жол қозғалысын реттеу», - деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Елтайұлы.
Айтулы ойынға қауіпсіздік шараларымен қатар, Орталық стадионда да қызу дайындық жүріп жатыр. Көрермендерге қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы турникеттер орнатылып, жасыл алаң күн сайын күтіп-бапталуда. Бұзылған орындықтар қайта қалпына келтіріліп, әрбір бөлшекке мән беріліп жатыр. Ал стадион қабырғаларына «Қайрат» футбол клубының рухын бейнелейтін суреттер салынуда.
«Кеше ғана УЕФА-ның арнайы мамандары келіп, футбол алаңына жан-жақты мониторинг жүргізді. Газонды тексеріп, қажетті сынақтардан өткізді. Нәтижесінде олар өте жоғары баға беріп, алаңның толық дайын екенін растады. Айта кетерлігі, біздің стадиондағы ойын алаңының өлшемі – 105*68 метр. Бұл – УЕФА-ның төртінші санаттағы стадиондарға қоятын басты талаптарына толық сәйкес келетін көрсеткіш», - деді Орталық стадионның басқарушысы Ерлан Адамбеков.
Алматының дәл осы Орталық стадионы 30 қыркүйек күні нағыз футбол мерекесіне айналмақ. Бұл күні сары-қаралар мен патша клубының айқасы жанкүйерлерді дүр сілкіндірмек. Кездесу Астана уақытымен сағат 21:45-те басталады.
Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Вице-министр "Қайрат" пен "Реал Мадрид" матчының билет құнына қатысты пікір білдірді