Қазақстан құрамасының қоржынында екі медаль бар
Жеңіл атлетикадан Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Оlympic.kz-ке сілтеме жасап.
Жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына Дейзи Джепкемей көтерілді.
Ол 10 000 метрге жүгіруден өткен финалдық сайыста жеңіске жетті.
«Қазақстандық спортшы қашықтықты 30 минут 48.44 секундта жүгіріп өтті», - делінген хабарламада.
Екінші орынды жапониялық Ририка Хиронака (30:56.32), үшінші орынды тағы бір жапон спортшысы Микуни Яда (31:12.21) иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында екі медаль бар. Бұған дейін Ясмина Тоқсанбаева 20 шақырымдық спорттық жүрісте қола медаль жеңіп алған болатын.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда туған: төрт дүркін әлем чемпионы өмірден өтті