|
12.12.2019 | 18:42
52857

Kazakhstan Urban Conference 2019 қорытындысы: Алматының қандай мәселесі бірінші кезекте шешіледі

Шарада алып шаһарды өмір сүруге жайлы қала етуді мақсат тұтқан құжаттың соңғы нұсқасы таныстырылды

Kazakhstan Urban Conference 2019 қорытындысы:  Алматының қандай мәселесі бірінші кезекте шешіледі Almaty.tv

Жаңа Алматы – шет аймағы жоқ, ақылды әрі тең мүмкіндіктер қаласы. Шарада алып шаһарды өмір сүруге жайлы қала етуді мақсат тұтқан құжаттың соңғы нұсқасы таныстырылды. Халық арасында кең талқыға түскен бағдарламаға тұрғындардан 1000 шақты ұсыныс түсіп, оның 130-дайы жоспарға енгізілді. Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы 2050» даму стратегиясы жайлы «Kazakhstan Urban» форумында кеңірек айтты,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы – қауіпсіз және жасыл қала, жаһандық іскерлік орталықтың шаһары, мәдени креативті мекен. Бұл – дамуы керек басым бағыттар шегеленген «Алматы 2050» стратегиясы. Егер алға қойған мақсат орындалса, қала шетелдік туристер тамсанатын, ал тұрғындары ешқайда көшпестей жайлы мегаполис болары сөзсіз. Жалпы жаңа құжат барлық саланы қамтиды. Атап айтқанда, қаладағы тозған құбырларды 48 пайызға азайту, қоқысты өңдеуді 80 пайызға жеткізу, халықтың 60 пайызын қоғамдық көлікпен тасымалдау секілді нақты жоспарлар бар. Оған қоса, қауіпсіздікті күшейтіп, жолда қаза табатындар санын нөлге түсіру көзделіп отыр. Осылайша маңызды құжат Алматыны экологиясы таза, мәдени және креативті шаһарға айналдыруды көздейді.

«Стратегия Алматының дамуын жаңа қырынан көрсетеді. Мақсаты – адамның өмір сүру сапасы жоғары әлемнің үздік 100 қалалар қатарына ену. Сонымен қатар, бизнеспен айналысуға ыңғайлы қала болу. Құжат 3 қағидаға негізделген. Ол: жаңа экономика, жаңа кеңістік және жаңа коммуникация. Тұрғындардың өмір сүру сапасы қала экономикасына тікелей байланысты. Сондықтан, Алматыда сауда-саттық даму керек. Екіншіден, қала іргесі мен ортасында тепе-теңдік сақтай отырып, шеткі аудандарды да ортасымен бірдей етіп дамытамыз. Бұл менің жеке позициям. Және соңғысы, коммунникация. Тұрғындармен жиі кездесіп, проблемаларын тез арада шешіп беру. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы қолға алынады», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ. 

Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың дамуы үшін тағы бірқатар жоспар қабылданатынын айтты. Нақтырақ айтсақ, алып шаһардың жаңа бас жоспары әзірленетін болды. Ол келесі жылдың күз айында халыққа ұсынылмақ. Сондай-ақ, басым бағыттарды егжей-тегжейлі қамтитын «Алматы-2025»даму бағдарламасы қабылданады. Құжат 2020 жылдың 1 сәуірінде халыққа таныстырылмақ. Одан бөлек, қаладағы 8 аудан 1 наурыздан кешіктірмей жұмыс жоспарын дайындауы тиіс. Айта кетейік, қазір 2020-2024 жылдарды қамтитын «Жаңа Алматы» кешенді жоспары дүйім елге кеңінен таныстырылуда.

«Бұл маңызды мәселеге ерекше назар аударып қарау керек. Әр аудан кәсіби урбанистер мен тұрғындар арасында байланыс орнатып, 3 жылдық жұмыс жоспарын бекітіп алуы тиіс. Аудан әкімдігі қол жетімділік қағидатын негізге алса деймін. Жоспар әр ауданның ерекшелігін ескеріп, кешенді дамуы үшін тетік бола біледі деп сенемін. Әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым жағдайы ескерілсе жөн болады. Алдағы уақытта аудандық жұмыс жоспарына жүйелі түрде қаржы аударылып тұрады», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.  

Қала әкімі алматылықтар үшін маңызды құжатты Қазақстан Урбан форумында кеңінен таныстырды. Бұл бекер емес. Өйткені, дәл шараға жиналған урбанистер, қоғамдық кеңес мүшелері, белсенді азаматтар және қарапайым тұрғындар бағдарламаны әзірлеген. Форумға келгендер биыл үш тақырыпқа басымдық берді. Бұл қауіпсіздік, қоғамдық көлік және экология мәселесі. Мамандар осы салаларды жетілдіру  мақсатында өз жобаларын да ұсынып жатыр. Мәселен, Экология және тұрақты даму жөніндегі халықаралық кеңесші Жарас Тәкенов ауаның неліктен ластанатынын зерттепті. Өзінің біраз ұсыныстарын да айтты. Ал қоғам белсендісі Алматыда қылмысты азайтып, тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдететін қызмет көрсету үлгісін ұсынды.

«Пилоттық жобаның концепциясын дайындап қойдық. Ол еліміздің ішкі істер министрлігі, қоғам белсенділері, сарапшылармен біріге жасалынды. 10 күн бұрын осындай жоба Қарағандыда таныстырылды. Ерекшелігі сол, ішкі істер министрлігінің қауіпсіздік мәселесін қадағалап, шешуге бағытталған. Бұрын бұл тәжірибе Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінде іске асқан», - деді қоғам белсендісі Гүлшат НҰРПЕЙІСОВА.

Форумда сөз алған қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құжат халық талқысына берілді деді. Қалалық газеттер мен сайттарда және біздің арнамызда жариялаған құжатқа ел өз пікірлерін де қалдырған. Тіпті 1000-нан астам ұсыныс түсіп, оның 100-ден астамы құжатқа енгізілген.

Жадыра Омаржан, Ғали Қалуов, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир