Бұл туралы бүгін шаһарда өткен брифинг барысында айтылды. «Алматы қаласы даму орталығының» директоры Айдос Жексенбайдың айтуынша, көпшіліктің бірден кері байланыс орнатқаны қуантады және біз әр пікірге мән береміз деді. Ал, маслихат депутаты Қали Сәрсенбай болса қаланың болашақтағы даму жолын айқындайтын аса маңызды құжат өз уақытында дайындалды деген пікірде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алматы-2050»даму стратегиясы жарияланғаннан бері, яғни бір тәулік ішінде Almaty-2050.kz сайтына 7 мыңнан аса адам кіріп, 200-ге жуық пікір мен ұсыныс қалдырған. Олардың арасында өзекті мәселермен қатар жеке бастың проблемалары да бар. Тұрғындардың қандайда бір ұсыныс білдіргені қала тағдыры бей-жай қалдырмайтынын көрсетеді, дейді жиынға қатысқандар. Алматы даму орталығының өкілдері барлық пікірге мән береміз деп отыр.
«Ол жерде түрлі пікір бар. Біз олардың қайсысы оң, қайсысы теріс пікір екенін әлі талдамадық. Талдау жұмыстарын міндетті түрде көпшілікке жария етеміз. Құжатқа қатысты нақты ұсыныстар да баршылық. Сондай-ақ, қатысы жоқ жазбалар да жетеді. Бізге әр адамның пікірі маңызды», - деді «Алматы қаласы даму орталығының» директоры Айдос ЖЕКСЕНБАЙ.
Ал, бұл тұрғыда «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, қалалық маслихат депутаты Қали Сарсенбай даму стратегиясы дер кезінде қолға алынған дүние деп отыр. Қаланың руханиятын жандандырумен қатар, шаһар үшін басты проблема экологияның жолға қойылуы да осы құжатқа енгені қуантады. Кезек күттірмейтін проблеманы шешу жолын да ұсынды, бас редактор.
«Бастауыш мектептерге, тіпті балабақшадан бастап экология деген пән енгізу керек. Сіздің сол адам ретінде, салауатты азамат ретінде қалыптасуыңыздың барлығы ең алдымен экологияға байланысты. Содан кейін мәдениетке байланысты», - деді «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали СӘРСЕНБАЙ.
Осы тұста кеше ғана қоғам назарына ұсынылған маңызды құжатпен қала тұрғындарының көпшілігі танысып үлгергендіктерін айтады. Тіпті, өз ұсыныстарын білдірмек ниетте екен.
«Халықпен тілдесіп, халықтың ойын білген өте орынды. Менің ойымша қазіргі таңда Алматы қаласының қоғамдық көлік жұмысын жиілетіп, тазалығына зейін салғаны дұрыс деп ойлаймын», - деді бір тұрғын.
«Мен онымен келісемін. Халықпен бірге болып, келісімге келіп, сол шешімді қабылдағанда», - деді келесі бірі.
«Әкімнің қалай қызмет етуі қаланың көркеюіне тікелей байланысты деп ойлаймын. Осындай үлкен әкімдер келіп, өз үлесін қоспаса, қарапайым халық ештеңге өзгерте алмайды», - деді енді бір тұрғын.
Бірнеше уақыт бойы қалалық қоғамдық кеңесі және түрлі сала мамандарының жұмылдырылуымен дайындалған құжат сайтта жарық көрді. Ендігі кезек алматылықтардың осынау дамуы статегиясына белсене ат салысуында болып отыр.
Арнат Дүйсен, Әсет Құндақбаев, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы