Алматыда абаттандыру паспорты енгізілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Инженерлік желілердің күзет аймағына ағаш отырғызуға тыйым салынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда абаттандыру паспорты ұғымы енгізілді. Енді қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіпке коммуналдық қызметтер, кәсіпорындар мен қарапайым азаматтар жауапты болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аталған паспорт кәсіп иелерін учаскелерінің санитарлық жағдайын ретке келтіруге және бақылауға міндеттейді. Этникалық дизайнер Айгүл Жансерікованың Алматыда жеке кәсібін жүргізіп келе жатқанына 20 жылдан асқан. Білімі бойынша биолог-эколог қауіпсіз және жайлы орта құру әрбір тұрғынның парызы деп санайды. Ал кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бекітілген абаттандыру ережелері әлемдік тәжірибеде әлдеқашан танымалдылыққа ие болып үлгергенін айтты.

– Алматы – гүлденген, жасыл қала. Мегаполис мәдени астана саналады. Көрікті орындардың көптігі ғана емес, азаматтарымыздың мәдениеттілігі де дәлелдейді. Сондықтан мектеп кезінен баланың санасына «қоршаған ортаға, табиғатқа ұқыпты қарау керек» деген ойды сіңіруіміз керек. Тазалық өзімізден басталады ғой. Бұл – әр азаматтың міндеті деп білемін, – деді кәсіпкер Айгүл Жансерікова.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа ереже қала тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін тазалықты сақтау мен экология мәдениетін дамытуда қуатты құралға айналмақ.

– Бағдарлама өркениетті елдерде бар. Кәсіпкерлер тұрған жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарайды. Ауланы дұрыстап қарап, оны тазалап тұруы керек. Ол тек қала меншігі емес, – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Бекнұр Қисықов.

Жеке тұрғын үй иелеріне ғимараттардың қасбетін, қоршауды құжатта көрсетілгендей күтіп ұстау тапсырылады. Нысанда міндетті түрде нөмір белгісі болуы керек. Аумақты қоқысқа толтыруға жол берілмеуі қажет. Сонымен қатар инженерлік желілердің күзет аймағына ағаш отырғызуға тыйым салынады.

Алматы қаласының аумағын абаттандырудың жаңа ережелері – ортақ жауапкершілік қағидатын заңдастырудың бір бағыты. Бұл әрбір алматылықтың қаламызды таза ұстауына септігін тигізбек. Жаңашылдықтар бизнес иелерінің де, қарапайым азаматтардың да жауапкершілігін күшейтетініне сенім мол, – деді қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанова.

Абаттандыру паспорты кәсіпкерлердің іргелес аумақтарды және олардың объектілерінің қасбеттерін күтіп-ұстау мәселелеріндегі әлеуметтік жауапкершілігін нығайтады. Енгізілген өзгерістер арқылы оңтүстік астананың көркін сақтап, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру көзделген.

Жансая Олжабек, Адель Ақжаркенова, Әлішер Медетов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда тазалық пен көріктендіру шаралары күшейтілді

Новости партнеров