Таза Қазақстан: қарағандылық жастар да науқанға үлес қоспақ

Almaty.tv
Almaty.tv
Тазалық акциясына алғашқы күннің өзінде жүзден астам ерікті қатысқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Республикалық «Таза Қазақстан» науқанына Қарағанды облысының жастары да атсалысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еріктілер мен белсенділер гүлзар, саябақтар мен басқа да қоғамдық орындарды тазалауға көшкен. Шаһардың шырайын келтіруге күш біріктірген акция өңірде бір аптаға жалғасып, жұрт сенбілікте шаһарды қоқыстан арылтпақ. Ал экобелсенділер мен еріктілер жоспарға алған 15 учаскенің басым бөлігінде жұмыс аяқталды. Белсенді жастар «қыс бойы қар астында қалған қоқысты тазарту – бейнетті шаруа. Дегенмен тазалық мәдениетін қалыптастыруды өзімізден бастау парыз» дейді.

– Ауа райы да қолайлы болып тұр. Өз еркіммен көше тазалығын сақтауға үлес қосуға келдім. Қыстан кейін қаламыз шаң басып, түрлі қалдық, қағаздар шашылып жатады. Менің ойымша, еліміздегі тазалыққа қоғам болып қатысуымыз керек. Осындай шараларға тұрақты қатысып келемін, – деді қала тұрғыны Санжар Серікбай.      

Тазалық акциясына алғашқы күннің өзінде жүзден астам ерікті қатысқан. Таңсәріден қолына қап алып, көше сыпыруға білек сыбана кіріскен жастардың қарасы қалың. Абаттандыру шараларынан бөлек, бірнеше мың көшет те отырғызылмақ. Қазір қаладағы алпауыт компаниялардан бастап, шағын мекеме қызметкерлері шаһар көркін аша түсуге атсалысып жатыр. Бір күннің өзінде бірнеше тонна қоқыс іріктеліп, қайта өңдеуге немесе тиісті полигонға жөнелтілген.

– Қала орталығындағы гүлзарлардың бірін тазалап жатырмыз. Сәйкесінше, сұрыптаудан өткіземіз. Студенттерді де осы жұмыстарға жұмылдырамыз. Әр адам ауласын тазалауға міндетті. Бәріміз атсалыссақ, экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосар едік, – деді Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ғазиз Зұлхарнай.

Оқи отырыңыз: Кәсіпкерлер «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқанын қолдауға шақырды

Новости партнеров