Ақмола облысындағы сенбілік барысында 80 тоннаға жуық қоқыс шығарылды

Almaty.tv (мұрағат)
Almaty.tv (мұрағат)

Экологиялық акция «Таза болашақ» бастамасымен жалғасты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысының Жарқайың ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті ауқымды сенбілік өтті. Экологиялық шараларға аудан бойынша 400-ден астам тұрғын қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Іс-шара Державинск қаласының орталық алаңында салтанатты түрде ашылды. Одан кейін қатысушылар орталық саябақтағы амфитеатрға жиналып, «Туған жерге тағзым – ортадан басталады» атты экологиялық квестке қатысты. Интерактивті бағдарлама барысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуына ұқыпты қараудың маңыздылығы кеңінен талқыланды.

Экологиялық акция «Таза болашақ» бастамасымен жалғасты. Оның мақсаты – қоршаған ортаны қорғауға қоғамның назарын аудару, туған өлкенің тазалығына әр азаматтың жеке жауапкершілігін арттыру және экологиялық мәдениетті нығайту.

Шараға Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сыздықов, Ақмола облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Милана Подрезова, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар ұйымдары, еріктілер, кәсіпкерлер, еңбек ұжымдары және аудан тұрғындары қатысты.

"Тазалық әрқайсымыздан басталады. Қалаларымыз бен ауылдарымызды абаттандырылған, жайлы әрі келер ұрпаққа қолайлы күйде сақтау үшін барлығымыз бірлесіп еңбек етуіміз қажет. Осындай акциялар қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді" – деді Дулат Сыздықов.

Экологиялық акцияның практикалық кезеңінде Державинск қаласы мен барлық ауылдық округтердің тұрғындары қоғамдық орындарды, көшелерді, саябақтарды, аулаларды және басқа да аумақтарды тазалау жұмыстарына қатысты. Сенбілік қорытындысында 80 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.

Тазалық жұмыстары қалалық ипподром аумағында да ұйымдастырылды. Жастар бұл аумақты қоқыстан тазартса, «Біздің аула» бастамасы аясында «Молодежный» шағынауданының тұрғындары өз аулаларын ретке келтіріп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Жарқайың ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүйелі түрде өткізіліп келеді. Жыл басынан бері ауданда 76 сенбілік ұйымдастырылып, оған 2,7 мыңнан астам адам қатысты. Осы кезеңде 3 670 ағаш пен бұта отырғызылып, анықталған 7 заңсыз қоқыс орны толықтай жойылды.

Экологиялық акция тұрғындардың қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауын қалыптастыруға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және ортақ іске жұртшылықтың белсенді қатысуына бағытталған.

Оқи отырыңыз: Тамыздағы геомагниттік ауытқулар: дәрігерлер денсаулықты күтудің жолдарын түсіндірді