Алматыдағы гимназия экологиялық байқауда бірінші орын алды
«Үздік жасыл мектеп» байқауында жеңімпаз атанған білім ордасында бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Алматыдағы №199 мамандандырылған гимназия «Үздік жасыл мектеп» байқауында бірінші орын иеленді. Мұнда қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу, көгалдандырумен қатар, экологиялық мәдениет те бағдарламаға енгізілген, дп хабарлайды Almaty.tv.
«Үздік жасыл мектеп» байқауында жеңімпаз атанған білім ордасында бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Мектеп аумағында гүлдер мен ағаштар отырғызылып, қалдықтар бөлек жиналады. Оқушылар да бұл шаруаға белсене қатысып, жиналған қоқыстарды өнер туындыларына айналдырып, қоршаған ортаның таза болуына үлес қосып жүр.
Мектепте бірнеше пәнді біріктіріп оқыту әдісі қолданылады. Мысалы, кескіндеме мен биология сабақтарында оқушылар алдымен өсімдіктің құрылысын зерттеп, кейін оны сурет арқылы бейнелейді. Ал география керамикамен, химия көркем әйнек өңдеумен, қазақ, орыс тілдері композициямен байланыстырылады.
№199 мамандандырылған гимназия директоры Сандуғаш Нышанова мектепте табиғи материалдармен жұмыс істейтінін айтты.
«Мынау натуралдық материал. Жаңағы киізді илеп жасаған осындай әдемі панолар. Біздің барлық жасалған жұмыс осы табиғи материалдан жасалып, мынау ши мысалға. Балалар өздері жасап, енді дипломдық жетекшісінің бақылауында», – деді Сандуғаш Нышанова.
Сандуғаш Нышанова «Үздік жасыл мектеп» жобасының жеңімпаз атанған білім ордасы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Бұл жобаны естіген кезде біз қуандық. Өйткені біздің мектебімізде онсыз да экологияға жаңағыдай балаларды жақындату, жаңағы айналаны, табиғатты қорғау жаңағы тәрбиесі одан да жүргізіліп жүрген. Мынау эко хаб бұрышымыз бар. Мына материалды қайта өңдеу, одан әдемі зат шығару деген пәндерімізбен бекітілген», – деді гимназия директоры.
Гимназияда шамамен 600 оқушы білім алады. Көркем-эстетикалық бағыттағы мектеп балалардың сурет салуына, керамикамен жұмыс істеуіне, мозаика құруына ден қояды. Ал экологиялық тақырып шығармашылық үйірмелерде де жалғасын тапқан. Мәселен, итальян тіліндегі театр клубында оқушылар қайта өңдеу тақырыбына арналған жұмыстармен айналысады.
11-сынып оқушысы Валерия Вдовенко мектептің байқауда бірінші орын иеленгенін мақтан тұтатынын айтты.
«Мен біздің мектебіміздің бірінші орын иеленгенін мақтан тұтамын. Гимназиямыз жайдан-жай жеңімпаз болмағанын біз дәлелдей алдық деп ойлаймын. Өйткені біз үшін экологиялық мәдениет әрдайым бірінші орында. Әр оқушыға тазалықтың не екенін, қоршаған ортаны аялап, өзгенің еңбегін бағалау керектігін үйрететін осы – білім ордамыз», – деді Валерия Вдовенко.
Жаңа тәсілдерді педагогтер өзара тәжірибе алмасуы арқылы да жетілдіріп жүр. Мектеп жыл сайын экология мен инновациялар тақырыбында қалалық деңгейде ғана емес, халықаралық дәрежеде де семинарлар ұйымдастырады.
№199 мамандандырылған гимназия директорының орынбасары Меруерт Ариннің айтуынша, білім ордасындағы тәрбие жұмысы «Адал азамат» бағдарламасымен тығыз байланысты.
«Гимназиядағы тәрбие жұмысы республика бойынша бірыңғай «Адал азамат» бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Оның негізгі құндылықтарының бірі – «Таза Қазақстан». Біз бұл бағытта бүкіл мектеп болып жұмыс істейміз. Оған тек оқушылар мен мұғалімдер емес, ата-аналар да белсенді қатысады», – деді Меруерт Арин.
Мектептің әр бұрышында осындай эко-қораптар құрылған. Бұл балалардың экологиялық сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Яғни, балалар қораптың бетінен-ақ қай жерге қандай қоқысты тастау керектігін жастық шағынан үйренеді.
Мектеп ұжымының айтуынша, тазалық өзіңнен басталады. Сондықтан мұнда оқушылар қоқысты сұрыптап қана қоймай, жарамсыз заттарға қайта өмір сыйлау арқылы экологиялық сауаттылығын арттырады. Өйткені табиғатты қорғау – бір күндік науқан емес, күнделікті әдетке айналатын мәдениет.