Алматыда шығарындылары төмен аймақтың жұмыс тәртібі түсіндірілді
Қазір Алматыдағы шығарындылары төмен аймақ (LEZ) тек пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. 2026 жылы 28 сәуірде іске қосылған техникалық пилоттық жоба жыл соңына дейін жалғасады. Бұл туралы заң шығару саласының сарапшысы, Алматының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Бұзырбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Пилоттық режимде автокөліктерді міндетті түрде техникалық тексеруден өткізу, аймаққа кіргені үшін ақы алу, қозғалысты шектеу немесе айыппұл салу қарастырылмаған. Қазір автокөлік иелерінің техникалық тексеруден өтуі ерікті. Ал одан өтпеу ешқандай құқықтық салдарға әкеп соқпайды», – деді ол.
Еске салайық, Алматы қаласының атмосфералық ауасын қорғау қағидалары мәслихаттың 2025 жылы 30 желтоқсандағы №272 шешімімен бекітілді. Қағидалардың арнайы экологиялық талаптар мен LEZ жұмысына қатысты кейбір нормалары алғашқы ресми жарияланған күннен бастап бір күнтізбелік жыл өткен соң күшіне енеді.
«Тиісті нормалардың күшіне енуі шектеулердің автоматты түрде енгізілетінін білдірмейді. LEZ-ді тұрақты режимге көшіру үшін Алматы қаласы әкімдігінің шығарындылары төмен аймақтың шекарасын белгілеу туралы жеке қаулысы қажет. Бұл қаулы қабылданғанға дейін қазіргі шекаралар тек пилоттық жоба аясында қолданылады», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Алматының географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, пилоттық жоба қорытындысы бойынша LEZ шекарасын бүкіл қала аумағында белгілеу мәселесін қарастырған жөн. Алматы тау бөктеріндегі ойыста орналасқандықтан, мұндағы климаттық және табиғи жағдайлар ластаушы заттардың ауада табиғи жолмен таралуына кедергі келтіреді. Атмосфералық ауаның ластануы кейбір аудандар немесе көшелермен шектелмейді. Сондықтан LEZ аумағын тым тар шеңберде белгілеу оның экологиялық тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Сонымен қатар Ерлан Бұзырбаевтың айтуынша, аймақтың шекарасын белгілеу туралы әкімдік қаулысын пилоттық жоба оң нәтиже көрсетіп, жүйенің барлық элементі толыққанды жұмыс істеуге дайын болғаннан кейін қабылдаған жөн.
Оның пікірінше, бұл үшін бірнеше шарт орындалуы қажет. Атап айтқанда, шығарындылардың негізделген нормативтері белгіленіп, техникалық тексерудің бірыңғай әрі қайталанғанда бірдей нәтиже беретін әдістемесі бекітілуге тиіс. Сондай-ақ, операторлар саны жеткілікті болып, бәсекелі нарық қалыптасуы, қызмет құны экономикалық тұрғыдан негізделуі, автокөліктерді тексеру тәртібі мен ақпараттық жүйелер толық дайын болуы керек. Әкімшілендіру тетігі де барынша автоматтандырылуы қажет.