Басты мақсаты – сұрыптау мәдениетін қалыптастыру
Алматыда «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Қалдықты сұрыпта – табиғатты сақта!» акциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жетісу-2» жастар орталығында жиналған тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды арнайы экологиялық құрылғыға өткізді. Фандоматта қайта өңдеуге жарамды заттарға арналған 10 контейнер орнатылған. Бұл – шаһарда ашылған үшінші эко-хаб. Басты мақсаты – сұрыптау мәдениетін қалыптастыру.
«Бұл контейнерлерге аудан тұрғындары керек емес қоқыстарын және пластик бөтелкелерді, шыны бөтелкелерді, қағаздарды тапсыра алады. Содан кейін ең үздік тұрғындар арнайы сыйлық алады», – деді «Жетісу-2» жастар орталығының басшысы Айбек Берікболұлы.
Алматыда жыл басынан бері жастардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытында 110-нан астам іс-шара өтіп, 15 мыңнан астам қала тұрғынын қамтыды. Бүгінде мұндай эко-кеңістіктер жастар комьюнити-орталықтары базасында жүйелі түрде дамып келеді. Мамандар тұрғындарға қалдықтарды бөлек жинаудың маңызын түсіндірді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл бағыттағы танымдық кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.
«Достарымды қоқыстарды экохабқа әкеліп өткізіп жүруіне шақырамын. Сол кезде ғана «Таза Қазақстанды» құра аламыз», – деді қала тұрғыны Жандос Исабай.
Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: оқушылар қалдықтардан портреттер мен кеңсе заттарын жасады