«Желтоқсан 86» саябағына 150 түп ағаш отырғызылды

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында желтоқсаншылардың қатысуымен сенбілік өтті,

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында желтоқсаншылардың қатысуымен сенбілік өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мыңға жуық адам жұмылған тазалық іс-шарасының негізгі бөлігі «Желтоқсан 86» саябағында ұйымдастырылды. Тарихи оқиғаның куәгерлері мен қала тұрғындары бірлесіп, демалыс аумағын қоқыстан тазартып, көшеттер отырғызды. Игі бастамаға білім беру мекемелері мен кәсіпкерлік нысандары да атсалысты.

«Артыңда тал қалсын» дейді ғой, қазақтың салтында, үрдісінде, қанында бар тал отырғызу. Ауамызды, жерімізді таза ұстау, өнеге қалдыру – үлкен іс-шараның бірі деп ойлаймын», – деді  «Тәуелсіздік желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Байнияз.

Экологиялық акция барысында 10 гектар аумақ тазартылып, 150 түп үйеңкі мен шаған көшеті егілді. Сенбілікке мердігер ұйымдардың жүзден аса қызметкері мен 14 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде аудан аумағынан 150 текше метрге жуық қоқыс шығарылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қаланың тазалығын сақтаумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыра түседі.

«Бұл – қоршаған ортаны қорғауға және елдімекендерді абаттандыруға шақыратын сенбілік. Жастарды тазалыққа ден қойып, тәлім-тәрбие береді деген ойдамыз», – деді Түрксіб ауданының әкімі Дамир Әкежанов.

Оқи отырыңыз: Абай даңғылының Райымбек ауылына дейінгі жаңа бөлігі ашылды