Алматыда мас күйінде көлік жүргізген 15 адам ұсталды

26.10.2019 00:48

«Қауіпсіз жол» акциясы бойынша 400-дей адам жауапкершілікке тартылды

odessa.online

Алматыда полиция «Қауіпсіз жол» акциясы аясында жол ережесін сақтамаған 400-ге тарта жүргіншіні жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ, шара басталған үш күн ішінде рөлге мас отырған 15 жүргізуші ұсталды. Оған қоса, 3 мыңнан астам жол ережесін сақтамау дерегі тіркеліпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамандар бұл жаға ұстатарлық оқиғалар көп жағдайда қарапайым ережелерге құлақ аспағаннан болады деп отыр. Сондықтан, жүргізушілерге өзге мен өз өмірін аман сақтау үшін темір тұлпар басқару мәдениетін сақтауға шақырды.

Жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болғандарды тәртіп сақшылары бірден тоқтатты. Әкімшілік хаттама толтырмас бұрын әрқайсысына жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кейін айыппұл салды. Жол ережесін сақтамаған жүргінші енді 1 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі керек. Әрине, 2525 теңге қалтаға салмақ емес. Тек уақытты үнемдеймін деп басты қатерге тігуге болмайды дейді полицейлер. Сондай-ақ, темір тұлпарды тізгіндегендер де көп жағдайда ережені елей бермейді екен.

«Қауіпсіз жол» акциясы аясында күшейтілген режимге көштік. 10 хаттама толтырылды. Ереже бұзғандардың басым бөлігі әкімшілік кодекстің 599-бабы 1-бөлімі, яғни бағдаршамның қызыл түсіне өту, 601-бапқа сәйкес жолақты басу деректері жиі кездеседі. Біз учаскемізден күніне 4 шақты жол көлік апатын тіркейміз. Жүргізушілер ұялы телефонға алаңдап отырады. Сондықтан, жол апаты жиі орын алады», - деді Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасының аға сержанты Дамир ӘМІРЖАНОВ.

Рейд басталған 3 күн ішінде 3 мың көлік жол ережесін бұзған. Жүргізушілер көп жағдайда басқару кезінде ұялы телефон ұстау, қауіпсіздік белдігін тақпау, бағдаршамның қызыл түсіне өту, мас күйінде отыру , жолдың қарама қарсы бетіне жиі шығады.  

«Көзге қарапайым боп көрінген ереже адамның өмірін аман сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан, оны мідетті түрде сақтауға асығу керек. Жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де жол көлік ережесін сақтағаны жөн. Алматыда соңғы 9 айда 22 мыңға жуық жол көлік апаты тіркелді. Оның 3 жарым мыңнан астамында адамдар зардап шеккен. Осы аралықта 117 адам көз жұмды. Және де 4 мыңнан астам адам түрлі деңгейдегі жарақат алған», - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Полиция департаменті, қысқы мезгіл келе жатқандықтан, дүйім елді абай болуға шақырады.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы.