Қазіргі сәтте республикалық маңызы бар күре жолдардың барлығы ашық тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАвтоЖолдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Демалыс күндері ҚазАвтоЖолдың бірыңғай тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталығының қызметкерлері республикалық автожол пайдаланушыларынан келіп түскен 1500-ден астам қоңырауды қабылдады. Қысқы күтіп-ұстау жұмыстары штаттық режимде жалғасуда. Республикалық маңыздағы тасжолдардың барлығы ашық», - делінген хабарламада.
Компания мәліметінше, өткен демалыс күндері республикалық маңызы бар автожолдарды өңдеу барысында жолшылар 1000 м3 көктайғаққа қарсы материал сепкен. Бүгін республикалық тасжолдарда қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын атқаруға 312 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Олардың қатарында автогрейдерлер, шнекороторлар, қар тазалайтын жабдықтармен қамтылған тиегіштер, тракторлар және т.б. бар.
Сондай-ақ, аталмыш жұмыстарға 450 жолшы-маман тартылған.