Қазақстанда конструктор-автокөліктерді заңдастыруға рұқсат етілді

05.05.2023 15:21

Бастапқы тіркеу үшін алым мөлшерлемесі 200 мың теңге

elements.envato.com

Қазақстанда конструктор-автокөліктерді заңдастыруға рұқсат етілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Конструктор көліктер. Ел арасында осылай аталып кеткен машиналар – Қазақстанға кезінде қосалқы бөлшек ретінде кіргізілген темір тұлпар. Заңдастыру басталғанда дәл осы санаттағы көлік иелері қиындыққа тап болған. Себебі кедендік тексеру өтпеген, ешбір мемлекетте пайдалануға болмайды. Бірақ Ресей, Грузия, Армения сынды елдердің нөмірі тағылған. Алғашында бұлар заңдастырылмайды дегенде шу шығып еді. Кейін ІІМ қолда бар заңды өзгертетінін айтты. Бүгін осы машиналарды тіркеуге рұқсат ететін Үкіметтің қаулысы шықты. Көлік иелері бұл құжатта да шикілік барын айтады.

 

Көлікті ешқайда сата алмаймыз. Шетелге шыға алмайды екенбіз, жарайды оған келісеміз. Ал бірақ Қазақстан ішінде сатылмайтыны дұрыс болмады, – деді қала тұрғыны Данияр Мәкешов.

Бастамашылар тобының жетекшісі Данияр Мәкешовтың айтуынша, бұл жеке тұлғаның құқығын шектеу. Жаңа қаулыға сәйкес, конструктор көліктер заңдастырылғаннан кейін кімнің атына тіркелсе, сол адам өмір бойы мінуге міндетті. Оны басқа адамның атына тіркей алмайды. Сонымен қатар, сол машинамен Қазақстан шекарасынан асуға да тыйым салынған.

«Кедендік тазартудан өтпеген автомобильдерді тіркеу туралы куәлікте меншік құқығын өзгертуге тыйым салу, және автокөлікті тек Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат беру туралы жазба көрсетіледі. Мұндай көлік құралдарын алғашқы тіркегені үшін салым мөлшерлемесі 200 мың теңгені құрайды», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Құлтұқаева

Полицейлердің ақпарына сай, шетелдік темір тұлпарларды тіркеу науқаны басталғалы бері ел аумағы бойынша 107 мыңнан астам машина заңдастырылған. Сондай-ақ 14 мыңға жуық конструктор көлік анықталыпты.

Айта кетейін, шетел көлігін заңдастыру үшін өтініш жазу керек. Сонымен қатар, Ішкі істер органдарының қызметкері берген көлікті тексергені туралы акт пен техникалық тексерілгені туралы диагностикалық карта болуы қажет. Осы өтініші Егов және екінші деңгейлі банктер арқылы да беруге болады.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана.