Заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларға түзетулер 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін енгізіледі. Заңдастырудың өзі Жаңа жылдан бастап қолға алынады. Дегенмен, полиция “қылмыстық” және кедендік бақылаудан өтпеген автокөліктер заңдастыруға жатпайтынын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР ІІМ-де шетелдік көліктерді заңдастыру туралы айтып берді.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Мемлекет басшысы 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру міндетін жүктегенін еске салды.
Ол қазір бұл үшін мемлекеттік органдар барлық қажетті заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. Экологиялық және Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді.
Азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге көлемінде ғана алым төлейтін болады. Заңдастыру кезінде утиль алым төленбейді.
“Кодекстерге түзетулер келесі жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді, сондықтан заңдастыру 2023 жылдан бастап жүргізілетін болады.
2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген автокөліктердің тізімі жасалды. Кейінірек әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайды және жалпы негізде тіркеледі.