Үшарал әуежайында ұшып-қону жолағы кеңейтіліп, қайта жаңғыртылуда. Осыған байланысты Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев аталған нысанға да атбасын бұрды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жұмыстар аяқталғанда Үшаралға үлкен ұшақтар да еш кедергісіз қатынамақ.
«Жетісу» әуе компаниясының президенті Қалтай Дөңсебаевтың айтуынша, ұшақ қонатын жол толықтай жаңартылып болып қалды. Құрылыс компаниясы жұмыстарын алдағы шілде айының ортасында толықтай бітіреді деп жоспарланып отыр. Сонда күніне 8 рейс қатынап, 500-дей жолаушы қабылданатын болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Балқаш көліне апаратын жолдың құрылысы да назардан тыс қалмай, Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай және Лепсі – Балқаш көлі бағытындағы жолдар қаралды. Балқашқа дейінгі жол қазір 3-санаттан 2-ші санатқа ауыстырылып, толық жөндеуден өткізіліп жатыр. 35 шақырымында жұмыстар аяқталған. Жол бойында бірнеше жерде аялдама кешені, эстакада, заманға сай әжетхана қойылады. Аталған жол құрылысы жобасы кезең-кезеңімен қаржы бөлінуіне қарай жалғасатын болады.
"Бүгін Алакөлдегі демалыс аймақтарына инфрақұрылым тарту, жол жөндеу жұмыстарымен таныстым. Жолдар жөнделіп біткеннен кейін Балқаш пен Алакөлге келетін туристердің қатары өсетін болады. Үшарал әуежай іске қосылса, қатынайтын ұшақтар қатары көбейеді. Бұл халықтың тұрмыс жағдайына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң әсер етеді", - деді Б.Исабаев.