Қазақстанда чех троллейбустары мен электробустары шығарылуы мүмкін. "Kazakh Invest" ұлттық компаниясында "Škoda Transportation" және "Elektrotechnika" компанияларының өндірістік қуаттарын орналастыру мүмкіндігі талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесуге "Škoda Transportation" өңірлік директоры Роман Соркин мен "Elektrotechnika" бизнесті дамыту жөніндегі директоры Либор Новак ұшып келді. Екі компания да инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.
"Kazakh Invest" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов машина жасау саласындағы инвестициялық жобаларды қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
"Чех компаниялары стратегиялық және технологиялық инвесторлар ретінде Қазақстанда троллейбустар мен электробустар өндірісін оқшаулау мүмкіндігін зерделеуде", - делінген "Kazakh Invest" компаниясының ресми хабарламасында.
Чех компанияларының өкілдері Алматы мен Нұр-Cұлтан қалаларына барып, әкімдіктерде кездесу өткізген. Сондай-ақ "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына да барды.
"Škoda Transportation" компаниясы метро, трамвайлар, троллейбустар, теміржол вагондары, электр пойыздары және электр автобустары сияқты көлік түрлерінің жетекші еуропалық өндірушілерінің бірі болып саналады. Ал "Elektrotechnika" метро мен темір жол көлігіне, сондай-ақ трамвай және троллейбус желілеріне арналған әртүрлі типтегі тартқыш жүйелердің ірі өндірушісі ретінде танымал.