Әзірге қазақстандық көліктер қымбаттамайды, тіпті оның бағасы төмендеуі мүмкін. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Ол сондай-ақ елімізде жеңілдетілген автонесие сәуірдің аяғына дейін жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Өзіміздің автоөндіріске назар аударамыз, сондықтан қазір бағаны тұрақты ұстау үшін барлық шараны қолданып жатырмыз. Ал жеңілдетілген автонесие деп 10 миллион теңгеге дейін қаржыландырылатын автокөліктерді айтып отырмыз. Темір тұлпарды одан да қымбатқа сатып алуға құқығыңыз бар, бірақ айырмашылықты өз қаражатыңыздан төлейсіз. Сәуірдің аяғына қарай 4 пайыздық жеңілдікпен несие беру шешімін қабылдаймыз деп ойлаймын», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ревальвация басталғанын айтты. Оның пікірінше, доллар әрі қарай арзандайды. Қазір теңгенің нығаю үрдісі байқалып жатыр. Сонымен қатар, министр азық-түлік бағасының өсіп жатқанын да жоққа шығармады.
«Жағдай бір-екі ай ішінде тұрақталатын шығар. Себебі валюта бойынша өзгерістерді көріп отырмыз. Біріншіден, 90-шы жылдары тарихта болмаған жағдай болды. Адамдар не істеу керек екенін білмеді. Бірақ қазір тәжірибе жинадық. Тиісті құралдарымыз бар. Қаражатымыз, Ұлттық қорымыз бар», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.