Алматы автобус паркі жаңа көліктермен толықты. Бүгін жеке тасымалдаушылар сатып алған №31 және №81 бағыттағы автобустар қала әкімі Бауыржан Байбектің назарына ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Пандуспен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған көліктер жолаушылар санын екі есеге ұлғайтады деп күтілуде. Шаһар басшысы осыған дейін де тасымалдаушыларға жасалған жеңілдік пен мемлекеттік қолдаудың арқасында қоғамдық көлікпен қатынау әлдеқайда ыңғайлы бола түскенін атап өтті. «Соңғы кездері Алматы облысы төңірегіндегі көп азаматтар жекеменшік көліктерін қалдырып, автобуспен жүретін болды. Автобустар жаңа, сапалы болса, уақытылы қатынаса, қарапайым халыққа одан басқа не керек?! Енді жүргізушілердің жалақы мәселесін де шешу керек» - деді Бауыржан Байбек Алматы автобус паркі басшылығына.
Айта кету керек, биыл жыл басынан бері Алматы көшелерімен 125 жаңа автобус жүре бастады. Ал, соңғы екі жылда қаланың автобус паркі 80 пайызға жаңарып, еліміздегі алғашқы BRT желісі іске қосылды. Сондай-ақ, алматылықтар арасында каршэринг қызметі кең таралды. Екі метро бекетінің құрылысы мен LRT жобасы да қолға алынды. Биыл тағы 430 жаңа қоғамдық көлік сатып алынса, оның екі жүзі төмен еденді және газбен жүретін автобустар болмақ.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыз, жаңа басылымдарды жіберіп алмау үшін