Платформаға Қазақстан аумағынан ғана тіркелу мүмкіндігі бар
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдаудың пилоттық платформасы іске қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін көптен күткен жеңілдетілген автонесие алу тәртібінің жаңартылған нұсқасы жария етілді. Алдағы дүйсенбі, яғни, 6 ақпан таңғы 10:00-де портал іске қосылады. Дәл сол кезден бастап өтінім қабылданады. Ол үшін autonesie.kz ресми сайтында кіріп, электронды цифрлы қолтаңба арқылы тіркеуден өту керек. Өтінім беру бөлімінде жеке деректерді толтырып, автоөндірушіні таңдап, цифрлы қолтаңба арқылы қол қою қажет.
Былтыр наурыздан бері револьверлік жүйемен 7 миллиард 600 миллион теңге жиналған екен. Сәйкесінше, осы жолы Қазақстан бойынша 761 адам порталға тіркеле алады. Ал бұдан кейін ай сайын тек 100 адамның өтінім беруіне мүмкіндік бар. Бастамашылардың айтуынша, порталға тіркелген адам міндетті түрде көлік алады.
«Порталға тіркелгеннен кейін автосалондардан көлік алуға мүмкіндік болады. Көлікті жеткізу мерзімі немесе бірден сатып алу сынды мәселені менеджер түсіндіреді. Ұсынған көлік ұнамаған жағдайда өзгесін таңдауға болады», – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының стратегиялық даму жөніндегі директоры Дархан Айдауылов.
Автонесие.кз порталына тіркелгеннен кейін 60 күн ішінде автосалон сізге машина тауып беруге міндетті. Егер менеджер ұсынған марка ұнамаса, таңдаған көлікті күтуге болады. Ал ұнатқан көлік бар болса, төлем шотын банкке өткізесіз.
«Банкке төлем қабілетін біліп барған жөн. Несие берерде қазір төлеп жатқан кредит, ипиотека есептеледі. Жалақының жеңілдетілген несиені төлеуге жететініне сенімді болғанда порталға тіркелген абзал. Өйткені, несие берілмесе, ол ақша келесі айға ауыстырылады», – деді Өнеркәсіпті дамыту қоры төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров.
Астаналық Жарасбек Қазезов көптен бері көлігін ауыстыруды ойлап жүрген. Алайда жеңілдетілген автонесиенің алғашқы легіне үлгермеген. Енді барлығы онлайн болып, тіркелудің әлдеқайда оңай бола түскеніне қуанады. Өтінім бергеннен кейін, автосалондардың темір тұлпар тауып беруге міндетті болатыны өте орынды дейді.
«Көлігімді жаңартайын деп автосалонға барсам, машина жоқ. Кезекке тұрдым, алдымда 15 мың адам бар. Ал порталдың ашылғаны дұрыс болды. ЭЦҚ-ны дайындап қойдым. Бірден өтінім беремін», – деді қала тұрғыны Жарасбек Қазезов.
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары өзгеріссіз қалады:
Бұл бағдарлама бойынша тек отандық темір тұлпарды сатып алуға болады.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан