Қазақстанға қосалқы бөлшек ретінде әкелінген автокөліктер мамырда заңдастырыла бастайды. Бұл туралы ІІМ хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қазір заңдастыру шартын айқындайтын жоба әзірленіп, Үкіметтің қарауына жіберілді.
«Жоба Үкіметтің қарауына енгізіліп, оған келесі аптада қол қойылады деп күтілуде. Үкімет қаулысына қол қойылғаннан кейін, бірінші ресми жариялағаннан күннен бастап, 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіліп, содан кейін біз автконструкторларды тіркеуге алуға кірісеміз», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Ішкі істер министрлігі елге 2022 жылдың бірінші қыркүйегіне дейін әкелінген көліктерді заңдастыру жалғасып жатқанын мәлім етті. Дерекке сүйенсек, 23 қаңтардан бері алдын ала онлайн тексеруден өтіп, 200 мыңға жуық машина заңдастыруға мақұлданған. Соның 100 мыңдайы мемлекеттік нөмір алып үлгерген.