17 жасқа толмаған балалар ел ішінде тегін ұша алады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл ретте мемлекет ішкі туризмді дамыту мақсатында балалардың билет құнын төлейді. Нақтырақ айтсақ, екі жастан 17 жасқа дейінгі балаларға сатып алынған авиабилеттердің құнын субсидиялайды. Жалғыз талап – демалыс ұзақтығы қандай болса да, билетті туристік агенттен сатып алу қажет. Билеттің құнын алдымен туристік компания төлейді.
«Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек, не болмаса, Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ, бірақ республика аумағында тұрақты тұруға рұқсаты бар тұлғалар кіреді. Және кәмелетке толмаған бала өзі емес, не ата-анасымен, не жақын туысымен ұшуы керек. Бұл механизм Қазақстанның барлық аумағына тарайды. Және кәмелетке толмаған балалардың саны шексіз», - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы Нұрбол Байжанов.