SCAT әуекомпаниясының жолаушылары тағы да діттеген жеріне бірнеше күн кешігіп ұшты. Аталған компанияның клиенттері осы жолы Астанадан Тайландқа кете алмай, рейстің кейінге шегерілгеніне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv.
4 желтоқсанда ұшуы керек болған қазақстандықтар үш күннен кейін бірақ кеткен. Демалысымыздың жартысы әуежайда өтті деген отандастар өтемақы талап етіп отыр. Ал әуекомпания рейстердің шегерілуінің себебін атамай, оның қашаннан басталғанын, қосымша ұшақ жұмылдырылғанын ғана айтып ақталды.
«Астана-Пхукет бағытындағы рейстер 1 желтоқсаннан бастап кешігіп ұша бастады. Соның салдары 4 желтоқсандағы рейске де әсер етті. Біздің әуекомпания шұғыл шара қолданып, жолаушыларды діттеген жеріне жеткізуді қолға алды. Резервте тұрған әуе кемелері іске қосылды. Қазір барлық жолаушы жеткізілді. Өтемақы бойынша туристік пакет сатып алған операторға жүгіну керек», – деді SCAT әуекомпаниясы PR және маркетинг бөлімінің басшысы Виктория Старожилова.
Ал жылы жақта демалыңыз деп қызметіне миллиондап ақша алған «FUN&SUN Kazakhstan» туристік оператор өкілдері камераға сұхбат беруден бас тартты. Тілшілермен телефон арқылы тілдескенде жолаушылардың тек үш күндік ақшаларын қайтаратынын айтты.