Бүгін сағат 10:00-де «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» метро бекеті іске қосылды. Олар қазіргі қызмет көрсетіп тұрған тоғыз бекеттің жалғасы ретінде қала орталығын жатын аудандармен байланыстырады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Құрметті Алматы метрополитенінің құрылысшылары мен қызметкерлері!
Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын! Бұл - біздің мегаполис үшін көптен күткен қуанышты оқиға. Сіздер жергілікті жердің күрделі тау-геологиялық және сейсмикалық жағдайларын ескере отырып, өте күрделі әрі көлемді жұмыс жасадыңыздар. Сіздердің еңбегіңіз бен жоғары кәсіби біліктіліктің арқасында Алматыда тағы жаңа 2 метро станциясы пайда болды.
Тұрғындарымыз үшін өте маңызды оқиға деп санаймын. Мәселе 50 мыңнан 85 мыңға дейін ұлғаятын жолаушылар легінде ғана емес, қаланың әлдеқайда жайлы болатындығында, бәрімізді алаңдатып отырған трафиктің дұрыс шешім табатындығында.
Қалада метро желісін кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасады. 2025 жылы «Қалқаман» станциясының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, метро желісін дамыту батыс бағытта «Барлық» базарына дейін ұлғаяды. Бұл аудандар тұрғындары үшін ыңғайлы жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Алматы метрополитені өзінің алғашқы үлкен және маңызды мерейтойын – 10 жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде білікті еңбек ұжымы құрылып, жас мамандар оқытылып, дайындалды. 2 станцияның іске қосылуымен қосымша 200 жұмыс орны құрылды. Алматы метрополитені біздің қаламыздың маңызды және ажырамас бөлігі, ыңғайлы және жайлы қоғамдық көлік түріне айналды.
Бүгінгі ерекше күні жеке өзімнің және қаламыздың тұрғындары атынан Сіздерге мегаполистің жолаушылар көлігін дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін және жұмыста табыс, зор денсаулық әрі бірлік пен береке тілеймін!» - деді Ерболат Досаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» станцияларының іске қосылуы осы жылдың мамыр айында орындалатынын хабарлаған болатын. Осылайша, станциялар уақытылы қосылды.
«Ата-марқұм "Мен ол дүниелік болсам да, бұл дүниеден өтсем де, тірілердің арасында жүрем" деген еді. Сол кезде ол сөз біртүрлі болып естілген. Енді қарап тұрсаңыздар, әулиенің сөзі екен. Енді қараңыздар, бүгін қанша адамның көңілінде, тіл ұшында атаның аты айтылып жатыр. Атамыз өмірден кеткеніне 40 жыл болды, бірақ халық әлі ардақтап, құрметтеп, көшелердің, мектептердің атын беріп жатыр. Бүгін - атамыз әлі тірілердің арасында жүрегенінің белгісі. Бір нәрсеге мен таңғалдым. Алматыда метросы ашылғалы жүрмеппін. Бүгін келдім», - деді Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова.
Іске қосылған екі жаңа станция метро желісінің жалпы ұзындығы 3,1 шақырымға ұзарды. Желі бойына 7-10 минут сайын жүретін 4 вагонды 15 электр пойызын жіберу жоспарланған.
Қазіргі таңда метро күніне 45 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды. Жаңа бекеттер іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш күніне 85 мың жолаушыға дейін өседі деп күтіледі.
«Мәскеуден» кейінгі «Сарыарқа» бекеті Абай даңғылы бойында Алтынсарин даңғылы мен Саин көшелерінің аралығында Family Park маңында орналасқан. Терең салынған, екі кіреберісі мен бір вестибюлі бар. Станцияда екі жеделсаты мен сегіз эскалатор орнатылған. Интерьер жасау кезіндегі негізгі идея – Сарыарқаның шексіз кең даласының әсемдігін көрсету. Қабырғалары мәрмәр тастардан құрастырылып, гранитпен өрнектелген. Шеткі жағындағы қабырғада жазық даланың үстінен шығып келе жатқан күн, оның бергі жағында Қазақстан астанасы бейнесі маңында шауып келе жатқан жүйрік аттар бейнеленген панно орнатылған.
«Бауыржан Момышұлы» бекеті Абай даңғылы бойында Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Таяз орналасқан, екі вестибюль мен алты кіреберісі бар. Бекетте 6 жеделсаты мен 15 эсколатор орнатылған. Платформа ұзындығы 108 м. Алматы метро желісінің 11- бекет әзірге соңғы станция болып саналады.
Бекет үлкен тұрғын алабының ортасында орналасқан. Қабырғалар мен тіреуіштерді безендіру үшін ашық реңкті маржан-сұр түсті ағаш тектес керамикалық панельдер, ал еденді қаптауға – ашық сұр түсті табиғи гранит пайдаланылған.
Болашақта «Қалқаман» бекетінің құрылысын аяқтап, метроны батыс бағытта «Барлық» базарына дейін дамыту жоспарланған.