Теміржол вокзалдарында адам қарасы аз
Еліміздің көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «Тальго» вагондарынан жасақталған үш пойыз бағытының жұмысы неліктен тоқтатылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтаннан 1 шілдеде, Атыраудан 2 шілдеде шығатын, елордадан 2 шілдеде, Оралдан 3 шілдеде аттанатын және Алматыдан 1 шілдеде, Нұрсұлтаннан 2 шілдеде шығатын бағыттардың жұмысы тоқтатылған болатын. Бұған дейін хабарланғандай, осы пойыздарға билет алған жолаушылар оларды қайтарып, толық құнын алуына немесе билеттерді, басқа пойыздарға алмастыруына болады.
«Аталған бағыттар бойынша пойыздар жұмысының тоқтатылуы оларға сатылған билеттердің аздығына байланысты болып отыр. Кей вагондарда бір жолаушыдан ғана болған екен. Бұдан бөлек, ел тұрғындары өздігінен билеттерін қайта тапсырып жатқанын да айтқып өткім келеді. Теміржол вокзалдарында да адам қарасы аз. Бұл қазақстандықтардың қалыптасқан жағдайға байланысты барынша оқшауланып жатқанының белгісі», – деді ҚР Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов.