Шығыс Қазақстан облысында 200 көлік қар құрсауынан құтқарылды

Шығыс Қазақстан облысында 200 көлік қар құрсауынан құтқарылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы-Өскемен» тасжолында бораннан кейін қар құрсауында қалған 200 көліктегі 700 адам толық құтқарылды.

Жергілікті Төтенше жағдай департаменті тарақтан ақпаратта сенсек, кешелі бері табиғаттың тосын мінезінен күре жолдың 683-686 шақырымын шамадан тыс ақ ұлпа басқан. Ескертуге қарамастан жолға шыққан көліктегілердің үш жүзден астамына түнделетіп көмек көрсетілсе, бүгін түс ауа қалған төрт жүзі қар құрсауынан шығарылды.

«Тәулік бойы жауған қар мен бораннан көліктер қаңтарылып, төрт қатарға тізіліп қалған болатын. Осының салдарынан қозғалысты қалпына келтіру қиынға соқты. Негізінен, жол екі жолаққа ғана арналған. «Қазавтожол» мекемесінің күшімен және Төтенше жағдайлар комитетінің көмегімен 200-ден астам көлік шығарылып, 400-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді», – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан НҰРАХМЕТОВ.

Қолайсыз ауа райы шығыс аймақта тағы қайталануы мүмкін. Тіпті, кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 20 метрге жетеді деп болжануда. Сондықтан төтеншеліктер жүргізушілердің көлікпен жолға шықпауы жайында ескертудің әлі де өз күшінде екенін айтады.



Новости партнеров