Алматыда қос дөңгелекті көлік мінетіндер үшін арнайы бекеттер ашылды. Онда велосипед немесе скутердің майда ақауларын жоюға барлық жағдай жасалған. Жаңа нысанның пайда болуына кімдер мұрындық болды және алматылықтардың бұл қызмет түріне қатысты пікірі қандай? Оны Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртайдан білейік.
Алматы тұрғындары бұрын-соңды болмаған бекеттерді қаланың қоғамдық орындарынан байқай бастады. Велосипед, мотоцикл, скутер тізгіндеушілері болса «VELOFIX» бекеттерін аз уақыт ішінде игеріп алған. Онда қос дөңгелекті көлік мінерлер жеңіл жөңдеуге қажеттінің бәрін таба алады.
Қазіргі таңда қала бойынша осындай 11 бекет тұтынушыларға тегін қызмет көрсетеді. Болашақта шаһар билігі олардың санын арттырмақ. Себебі Алматы қаласы бойынша велосипед мінетіндер саны күннен-күнге көбейіп келеді.
Тұрғындарға лайықты өмір ұсынатын әлем қалаларында велосипед қозғалысына керемет жағдай жасалған. Алматы да осы үрдіспен дамып келеді.
«Неге осындай жоба біздің қаламызда болмасқа деп ойланып, осы идеямды презентацияға айналдырып, сосын Медеу әкімінің әр сейсенбі сайын болып тұратын OPEN AIR форматында болатын қабылдауына түсіп, сол қабылдауда Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаевтан толық қолдау алып, осы жобамды жүзеге асыра бастадым», – деді жоба авторы Жан Базарғали.
Веломәдениеттің дамуына жаңа серпіліс берген жоба авторының болашақта бұндай бекеттердің санын да, сапасын да арттырмақ ойы бар. Бұқараның қамы үшін бастау алған жобаның дамуына әкімшілік те өз тарапынан қолдау көрсете бермек.
«Медеу ауданы бойынша 5 бекет орнатылған болатын. Осында әр веложүргізуші кез келген уақытта бекетке тоқтап, велосипедін жөңдеу, ары қарай спортпен шұғылданып жүре беретін болады», – деді Медеу ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Кайрат Нұрқасымов.
Веложөндеу бекеттері көбейген сайын, оларға деген сұраныс та артып келеді. Қала тұрғындары болса, жоба жетекшілеріне ризашылығын білдіріп жатыр.
БЛИЦ:
– Велосипед теуіп жүргеніме көп уақыт болды. Осы аралықта осындай құрылғы қаламызда пайда болғанына қуанып жатырмын өте қатты, себебі велосипедім қандайда бір уақытта бұзылып қалса, жөндеп алуыма, дөңгелегі желі шығатын болса, үріп алуыма болады.
– Бұл өте пайда болды жастарға, әсіресе, бізге. Жол-жөнекей велосипедіміз бұзылып жатқан жағдайда, бізге көп көмегі тиеді.
Алдыңғы жолы дөңгелегімнің желі шыққан кезде осы құрылғыға келіп жасап алдым. Қалаға ол бір, қаланың өркендеуіне, қала тұрғынының жағдайын жасаған бір құрылғы деп білемін. Үлкен алғысымды білдіремін.
Бүгінде Алматы біртіндеп экологиялық көліктер шаhарына айналуда. Қоршаған ортаны қорғау мен салауатты өмір салтын насихаттау басты басымдықтардың бірі.
Оразай Нұртай, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы