Алматы-1» теміржол вокзалында күрделі жөндеу жұмысы биыл қаланың коммуналды меншігіне берілген соң басталмақ деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһар басшысы Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында аталған нысанды аралап көрді. Әкім ғимаратты жаңғырту кезінде арзан, бірақ сапалы материалдар пайдалануды және заманауи архитектуралық шешімдер қабылдануы тиіс екенін атап өтті.
Алдағы уақытта қайта жоспарлау есебінен вокзалдан күн сайын 11-ден 16 мыңға дейін жолаушы өткізілетін болады. Ал, күту орындарының саны төрт есе арта түспек. Сондай-ақ, жолаушылардың қауіпсіздігі мен ыңғайы үшін келуші мен кетуші легін бөлу қарастырылады. Осы мақсатта заманауи конкорлы өткелдер салынып, бұрынғы жер асты жолы кеңейтіледі және эскалаторлар қойылады.
Айта кетейік, осыған дейін «Қазақстан темір жолы» АҚ «Алматы-1» және «Алматы-2» теміржол вокзалдарын қаланың коммуналды меншігіне беру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл Алматы әкімдігіне вокзалдарға қажетті жаңғырту жүргізіп, оларды мегаполистің көлік инфрақұрылымының бір бөлігі ретінде одан әрі дамытуына мүмкіндік береді.
Жергілікті бюджет есебінен 2018 жылы екі теміржол вокзалының айналасы жаңарды және вокзалдардың алды қоғамдық көлікке негізделіп қайта жасақталды, жүргіншілер жолдары абаттандырылып, видеокамералар орнатылды. Алматыда осы жылы жайлы қала кеңістігін құру жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін қаланың тарихи орталығының үштен екісі қайта жаңғыртылған. 524 көше мен 1400 ескі аула жөнделді. Көше жарығының үштен бірі диодты және энергия жинақтаушы шамдарға ауыстырылды, 300 шақырым арық және 1000 шақырым инженерлік желі қайта жасалды.