Енді Қытай тауар тасымалдаушылары жүктерін Қазақстанның көліктік-логистикалық орталықтарына дейін ғана жеткізеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ары қарай тауарларды ел ішіне отандық жүк тасымалдаушылар тасиды. Ол туралы мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Жаңа тәртіп екі мемлекет арасындағы алыс-берісті қайта жандандыру үшін енгізіліп отыр. Естеріңізге салайық, жақында Қытай тарапы ШҰАР автономдық ауданында коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Қазақстан көліктерін кіргізуге шектеу қойған болатын. Бүгінгі күні екіжақты келіссөздер жүргізіліп, аспан асты елі тауарларды шекараға дейін жеткізіп беруге келіскен.
Үкімет Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің мүмкіндігін арттыру бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Атап айтқанда, қытайлық жүргізушілер мен тауарға қатысы бар тұлғалар үшін визалық талаптарды жеңілдету мәселесін шешу қарастырылған. Сондай-ақ, осы жоспар аясында Қытай автокөлігі үшін көлік заңнамасының талаптары жеңілдетіледі. Ал, отандық өнімді Қытайға экспорттау «Жасыл дәліз» бойынша тасымалданады.