|
27.11.2022 | 16:34
8558

Астана-Ыстамбұл рейсінің жолаушылары бір тәуліктен бері ұша алмай отыр

Азаматтық авиация комитеті рейстің қазіргі жағдайы туралы хабарлады

Астана-Ыстамбұл рейсінің жолаушылары бір тәуліктен бері ұша алмай отыр Пресс-служба министерства индустрии инфраструктурного развития Казахстана

Pegasus Airlines әуе компаниясының Астана-Ыстамбұл бағыты бойынша рейсінің жолаушылары ұшақ ұшатын уақыт үш рет шегерілгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

"26 қарашада сағат 3.30-да біз Ыстамбұлға ұшуымыз керек болған, сосын әрқайсы басқа бағытқа кетеді. Мен Лондонға ұшуым керек еді. Ұшаққа мініп, бортта бес сағат отырдық. Кейін бізге ұшақта ақау шыққанын, аязға байланысты жүк бөлімінің есігі жабылмай жатқанын айтты. Сосын бізді кері қайтарды, рейсіміз тоқтатылды. Багажымызды қайтарып алдық. Әуе компаниясының қызметкері бізді тамақпен қамтамасыз ететінін айтты. Біз тағы үш сағат отырдық. Сосын олар әлі де жөндемегенін айтты. Соны айтып, автобустармен қонақүйге жіберді. Сағат 23.30-да қайта алып кететіндерін айтып, сол ұшақ ұшатынын айтты. Біздің рейс бірнеше рет шегерілді", - дейді жолаушы Гүлмира Байқожаева.

Бойжеткеннің айтуынша, ақыры бүгін таңғы 4-те олар ұшаққа отырып, тағы үш сағат күткен. 

"Бізге ұшақта тағы бір ақау шыққанын, қозғалтқыштардың бірі жұмыс істемей тұрғанын айтты. Содан кейін бізге ұшақта отыруды, ұшақтан түскендердің билеті қайтарылмайтынын айтты. Артынша дүрбелең басталды. Бортта қарттар мен балалар бар еді. Жолаушылар сыртқа шыққысы келетінін айтып, ұрсыса бастады. Сөйтіп, сыртқа шықтық", - деді Гүлмира.

Оның айтуынша, борттағы жолаушылардың көбі - Ресей, Түркия, Германия және Румыниядан келген шетелдік жолаушылар. Біреу әлем чемпионатына бара жатыр екен.

"Қазір бәріміз әуежайдамыз, 150-дей адам қалдық, басында екі жүз адам едік. Келесі рейске билет алуға шамасы келетіндер ұшып кетті. Шамасы келмегендер күтіп қалды",- дейді ол.

Бойжеткеннің айтуынша, жолаушылар үш рет ұшып кете алмаған мұндай ұшақпен ұшуға қорқады екен.

Азаматтық авиация комитеті рейстің қазіргі жағдайы туралы хабарлады.

"Барлық жолаушы қонақүйге орналастырылады, сондай-ақ сусындар мен ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Кейбір жолаушы 28 қарашада Астана - Ыстамбұл бағыты бойынша Pegasus Airlines RS 229 рейсіне қайта брондалады. Әуе кемесінің техникалық ақауын жою үшін Ыстамбұлдан Астанаға RS 228 рейсімен қосалқы бөлшектер жеткізіледі. Бұл ретте әуе компаниясы барлық мүдделі жолаушыға әуе билеттерінің ақшасын қайтарады", - деп хабарлады Комитет өкілдері.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир