Алматы әкімдігі 233 жаңа қоғамдық көлік сатып алмақ

Almaty.tv
Almaty.tv
Олардың бір бөлігі ескі автобустарды алмастырса, екінші бөлігі жаңа бағыттармен жолаушыларды тасымалдайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жаңа автобустардың саны артатын болды. Алдағы уақытта қалада 233 жаңа қоғамдық көлік, 30 электр автобусы сатып алынбақ. Олардың бір бөлігі ескі автобустарды алмастырса, екінші бөлігі жаңа бағыттармен жолаушыларды тасымалдайды. Сонымен үстіміздегі жылы шаhардың қоғамдық көлік саласы қалай дамиды? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов баяндайды.

Еліміздің ең ірі қаласында 20 автобус паркі бар. Күн сайын 1,5 мыңнан астам жолаушы қоғамдық көлікпен жүреді. Есіңізде болса, өткен жылы 4 жаңа бағыт іске қосылған болатын. Соның ішінде Алатау ауданы тұрғындарының сұранысы бойынша 133-ші бағыт ашылып, 48-ші маршрутта ескі автобустар жаңасына ауыстырылды.

«Нөмірі 133 қоғамдық көлігі ашылды. Өжет ықшам ауданы Қонаев көшесі мен Мақатаев қиылысына дейінгі аралықты қамтиды. Сонымен қатар, «Батыл тіреу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 48-ші маршруты толықтай заманауи қоғамдық көліктерге ауысты», – деді Алатау аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Азамат Қасенов.

Көріп тұрғаныңыздай, автобустың іші ыңғайлы етіп жасалыңған. Мұнда көп дегенде 70-ке жуық адам сияды. Қажет құралдармен жабдықталып, жаңадан бейнекамералар орнатылған.

«Осы жерде тұрамын. Жүрген жерімізде автобустар үнемі жүріп тұрады. Автобустарға көңіліміз толып жатыр. Жүргізушілерге рахмет», – деді қала тұрғыны Сақан Елеусізова.

«Жол қатынасы, әрине, ыңғайлы болғаны жақсы. Жұмысқа барып келуге ыңғайлы. Жаңадан автобустар беріліп жатыр екен», – деді қала тұрғыны Роза Досаева.

Экологияны жақсарту мақсатында Алматы автопарктері электр көліктерімен толықтырылуда. Жыл соңына дейін тасымалдаушылар 30-ға жуық электр автобусын сатып алуды жоспарлап отыр.

«Алдағы уақытта Нұра, Шаңырақ, Қасық шағын аудандарында тұратын тұрғындардың өтініші бойынша қала ішіне 5 бағытта және қала сыртында орналасқан тұрғындарға 10 бағытта маршруттар қоюды жоспарлап отырмыз. Қосымша 4 электр автобусын сатып алдық», – деді қалалық мобилділік басқармасы бөлімінің бас маманы Әсел Иманғалиева.

Қалалық автобустар жыл сайын жаңарып отырады. Биыл Наурыз айында заманауи үлгімен жасалған Golden Dragon маркалы 150 автобус алматылықтарды тасымалдай бастайды.

Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров