Қазақстанның республикалық және облыстық маңызы бар жолдарында интернет пайда болады. Бұл туралы Телекоммуникациялар комитетінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2024-2027 жылдар аралығына арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республиалық тасжолдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ол үшін цифрлық инфрақұрылым салынады, атап айтқанда, талшықты-оптикалық байланыс желілері орнатылып, діңгек антенналы жабдықтар мен трансмиссиялар орнатылады, сондай-ақ электр энергиясымен қамтамасыз етіледі.
Комитет осы шаралар аясында республикалық бюджеттен 61 миллиард теңге, сондай-ақ байланыс операторларының бюджетінен базалық станцияларды орнатуға 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отырғанын айтты.
- Соның арқасында республикалық және негізгі облыстық маңызы бар жолдарда байланыс пен интернетке қол жеткізуге болады, бұл қауіпсіздікті де қамтамасыз етеді, - делінген хабарламада.