Алматының Түрксіб ауданында қоғамдық көліктердің бағыты ұзарды. Нәтижесінде тұрғындардың мектеп, балабақша, емхана секілді әлеуметтік нысандарға барып-келуі жеңілдеген. Аудан халқы осы сұрақты қала әкімімен кездесу кезінде қойған еді. Көп ұзамай мәселе оң шешімін тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұрқанат Әбдікерімова Түрксібте 20 жылдан бері тұрады. Кейінгі уақытта денсаулығы сыр бере бастаған соң, емханаға баруы да жиілеген. Бұған дейін қоғамдық көлік қолжетімсіз болыпты. Аялдама үйінен алыс орналасқандықтан, емханаға барып-келуі қиындаған. Мәселесін қала әкімімен кездесу кезінде көтерген еді.
Аудан тұрғыны арада ай өтпей жатып мәселесінің шешілгеніне қуанышты. Бұл аудан жұртының біраз жылдан бері көтеріп жүрген сұрағы еді дейді зейнеткер.
«2 аялдама жаяу жүріп, қоғамдық көлігімізге жетеміз. Осы мәселемізді шешіп берген әкімдікке рақмет», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Нұрқанат Әбдікерімова.
«Жас қанат» емханасына баратын тікелей автобус болмайтын. Енді міне 215 автобусты жүргізіп, халықтың жағдайын жасады», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Сәлима Мәмбетова.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, қала басшысымен кездесуден кейін 3 бірдей қоғамдық көліктің жүру бағыты ұзарған. Олар: 138, 215 және 13 нөмірлі автобустар.
«Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Кубушева Хмельницкий көшелерінің қиылысында және Іле тасжолы бойында 2 бағдаршам қойылды. Бұл да қала әкімінің кездесуінен кейінгі нәтижелер», – деді Түрксіб ауданы әкімі аппаратының бас маманы Дәурен Тұрғанбай.
Алматының шет аудандарын қоғамдық көлікпен қамту және олардың жүру уақытын азайту- қалалық мобилділік басқармасының күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен 300 автобус сатып алынады. Биыл жаңадан 6 бағыт ашылып, қолданыстағы 8 қоғамдық көліктің жүру жолы ұзартылған.
Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы