Елімізде жыл соңына дейін ақылы жолдардың учаскелерінде жаңа абоненттік төлем енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір республикада 2,2 мың шақырым автожолдарда 2013 жылғы тариф қолданылып келеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің мәліметінше, жаңа тариф бойынша жеңіл автокөліктер 1 жылға 1000 теңге, ал 16 орынға дейінгі автобустар мен 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері жылына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем төлейді.
Жыл басынан 2200 шақырым ақылы жолдан 25 млрд теңге түсім түскен. Қаражат жол учаскелерін жөндеу мен күтіп ұстауға жұмсалмақ.
«Жергілікті жолда табылып жатқан кемшілік көп. Биылдың өзінде біздің ұсынысымызбен 2,7 млрдқа салынған жолдар қайта жөнделді. Сол мердігер есебімен. Әрине, жергілікті жерлерде кейбір әкімшілікпен келісімшарт жоқ болғандықтан, қадағалай алмаймыз», – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Замир Сағынов.