|
30.11.2021 | 21:31
6926

Алматы метросында пойыздар енді 5 минут сайын жүретін болады

Әрқайсы 4 вагоннан тұратын жаңа электр пойыздары метрополитеннің он жылдығы қарсаңында пайдалануға берілді

Алматы метросында пойыздар енді 5 минут сайын жүретін болады Almaty.tv

Алматы метросы су жаңа 8 пойызбен толықты. Әрқайсы 4 вагоннан тұратын жаңа электр пойыздары метрополитеннің он жылдығы қарсаңында пайдалануға берілді. Бүгін қала әкімінің орынбасары Серік Құсайыновтың қатысуымен пойыздар салтанатты түрде іске қосылды. Жаңа құрамның есебінен метро көліктерінің жүріс жиілігі енді 13 минуттан 5-7 минутқа дейін қысқармақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.         

Биыл Алматы метрополитенінің 10 жылдығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен әрі Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келеді. Осындай айтулы күндерге орай бүгін метро құрамы тағы 8 су жаңа пойызбен толықты. Пойыздарды іске қосу салтанатты түрде жүзеге асып, оған қала әкімінің орынбасары Серік Құсайынов, өндіруші компания өкілдері мен метро қызметкерлері қатысты.

«Метрополитен – қоғамдық көліктің уақытпен тексерілген түрі. Алматы метрополитенінің ұжымы кәсіпорынның табысты дамуының кепілі болып қала береді. Бүгінде 1500 адам жұмыс істейді», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Құсайынов.

«Жергілікті мамандар ізденісінің арқасында осы он жылда метрополитен бір минут та тоқтамастан, күні-түні жұмыс істеп жатыр. Күннен күнге қаладағы тасымалдау орны артып келе жатыр», – деді «Метрополитен» КМК бас инженері Нұрғали Үсенов.

4 вагоннан тұратын бір пойызға бір мезетте 940 адам сыяды. Әрбір вагонда жылыту, желдету және ауа баптау жүйесі бар.

Жаңа пойыздардың бір ерекшелігі, бұрын көліктегі бейнебақылау камерасы аналог жүйесімен жұмыс істеген болса, енді су жаңа вагондар сандық техникалармен жабдықталған. Яғни, бейне сапасы одан әрі анық бола түскен. Сонымен қатар салонның іші соңғы үлгідегі жарық жүйесімен жабдықталған.

Вагондар қайта жабдықтауды қажет етпейді. Қалыпты түрде 30 жыл пайдалануға болады. Бұған дейін 7 пойыз жолаушыларға қызмет етіп келсе, бүгінде оның саны 15-ке жетті. Мұндай толығу метро жүрістерінің интервалын 13 минуттан 5-7 минутқа қысқартпақ.

«Алғашқы кезде 20 мыңға дейін жолаушы таситынбыз. Енді Қалқаман жаққа барса, 60-70 мың адамға дейін көбеймек. Енді Алтын Ордаға дейін созылса, 160 мың адамға дейін тасимыз ба деген мақсатымыз бар», – деді «Метрополитен» КМК электродепосының басшысы Жеткерген Арзаев.

Пойыздар Оңтүстік Кореяда өндірілген. Жаңа құрамды сатып алуға 71 млн доллар қаржы жұмсалған.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир