Елімізде шетелдік көліктерді тіркеуге алу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін Алматыдағы №1 мамандандырылған ХҚКО-ға 4 мыңға жуық қызмет алушы жүгінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көлік иелері құжаттарды рәсімдеуде бірқатар кедергі туындап жатқанын жоққа шығармады. кезегін ұзақ күтетін көпшілік «орталықтағылар жүйелі қызмет көрсетсе» деп талап қойып отыр.
«Легализация не үшін беріп жатыр? Машинаны ұрлаған жоқпыз. Президенттің айтқан ақшасын төлеп, есепке қою керек те, бізге нөмер беруі керек. Әртүрлі себеппен созып жатыр», – деді Алматы облысының тұрғыны Нұрғали Омарбеков.
«Кеденге бар, сенің көлігің тіркелмеген» дейді. Мен өзім барып машинаны кеденнен өткізіп алғам. Ол ұшақпен келген жоқ, жердің астымен келген жоқ. Ал кеденде тіркелмеген. Біздің не кінәміз бар?», – деді қала тұрғыны Берік Сүйлеменов
Осылай деп шағымын айтқан жүргізушілерге аталған ХҚКО-ның өкілдері бар жағдайды түсіндіріп әлек. Көлігін тіркеуге келгендерге бар болғаны тиісті тексерістен өту керегін айтып ақталды.
«eGov Mobile арқылы кедендік тексеруге өтінім бересіз. Өтінім қабылданған жағдайда, Ішкі істер басқармасының офицерлері деректер сәйкестігін тексереді», – деді мамандандырылған № 1 халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Әсет Тұрғынбаев.
«Ережені ескерсек те, түсінбейтін тұсы көп» деген тұрғындар техникамызды тіркеу үшін өзге мемлекетке барып, мөр бастыру керегін айтты. Олардың айтуынша, көліктің шетелдегі иесінен заңды түрде рұқсат алу керек.
«Бізге бірыңғай талап берсінші. Нақты талапты айтсын, орындаймыз. Қазір бәріміз Қырғызстанға шығып, мөр бастырып келгеннің өзінде, тіркеуге алмайды ғой», – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ернар Нұртаев.
Өзге елдің нөмірімен жүрген көліктерді отандық тіркеуге алу үшін маңызды үш кезеңнен өту қажет. Алдымен темір тұлпардың жүріске жарамдылығы, оның техникалық төлқұжатпен сәйкестігі, сондай-ақ басқа ешкімнің атында тіркелмегені тексеріледі.
«Бұл кісілер eGov Mobile арқылы құжат тапсырады. Түсінбеген жағдайда, толық ақпарат береміз. Үлгеріп жатырмыз, ешкімді ренжітіп жатқан жоқпыз. Бәріне бірдей айтылып жатыр», – деді полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің аға инспекторы Ардақ Омаров.
Мамандандырылған №1 ХҚКО 23 қаңтардан бері 3973 қызмет алушыға көмек көрсетіп, 564 құжатты қабылдаған. Олардың ішінен 307 тапсырыс мақұлданып, 257 өтініш кері қайтарылыпты.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы