|
22.08.2023 | 17:50
528

Алматы және Жетісу облысындағы 500-ге жуық жолдың сапасы тексерілді

Сондай-ақ мамандар жол сапасын тексеруде өзгеріс барын жеткізді

Алматы және Жетісу облысындағы 500-ге жуық жолдың сапасы тексерілді Almaty.tv

Биыл Алматы және Жетісу облысында құрылысы аяқталған 500-ге жуық жолдың сапасы тексерілді. Олардың 32 пайызынан олқылық анықталған. Бұл туралы «Жол активтері ұлттық сапа» орталығының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жолғы мониторинг Қаскелең қаласындағы Байтұрсынов көшесінен басталды. Одан соң бақылау тобы Қайнар ауылына жол төсеген мердігер компанияның жұмысын саралап, төрт нысанды аралады.

– Мамандар асфальтты арнайы құрылғымен ойып, сынама алады. Жауаптылардың айтуынша, төселген жолдың қалыңдығы 5 см кем болмауы керек. Ал қазір алынған керін 7.9 см көрсетіп тұр. Демек, талапқа сай. Ал құрамы зертханада сараланады, – деді тілші Гүлмарал Изатқызы.

– Республикалық жолдардан 500-ге жуық сынама алынды, оның 32 пайызы стандарт талабына сай емес. Ал облыстық және аудандық жерге келетін болсақ, 800-ге жуық сынама алдық, 43 пайызы талапқа сай емес, – деді Алматы облысы бойынша Жол активтері ұлттық сапа орталығы сынақ зертханасының меңгерушісі Айдын Әшірбеков.

Сондай-ақ мамандар жол сапасын тексеруде өзгеріс барын жеткізді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» асфальттан ақша жасайтындармен күрес жүргізуде. Ол үшін әр сынамаға арнайы QR код жабыстырылады. Орталық басшысы содан соң зертханалық талдаудың нәтижесі белгілі болғаннан кейін төселген асфальттың қай мердігер компанияға тиесілі екені анықталады дейді. Одан бөлек, қазір жауапты ұйым мен жол сапасын бақылаушылар ортақ келісімге келген екен.

– Бірінші зауыттармен, жекеменшік мердігерлердің бәрімен келісімшартқа отырып, асфальттың құрамын тексеріп, дұрысын беріп отырмыз, – деді Алматы облысы бойынша Жол активтері ұлттық сапа орталығының директоры Ержан Жасыбаев.

Ұлттық орталық тексерген жолдан олқылық анықталса, жауапты компанияға түзету туралы хаттама жолданады. Ал қайта тексеру кезінде кемшіліктің орны толтырылмаса, мердігер айыппұл төлеп, тіпті кей жағдайда лицензиясынан айырылуы мүмкін.

Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы көшелерінде цифрлық қауіпсіздік жүйеcі енгізіліп жатыр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир