Алматыда такси жүргізушілері кәсібін сәуір айына дейін заңдастыруы тиіс

Алматыда такси жүргізушілері кәсібін сәуір айына дейін заңдастыруы тиіс
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда сәуір айына дейін барлық такси жүргізушілері кәсібін заңдастыруы тиіс. Егер олай болмаған жағдайда, 40 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Қазір жолаушы тасымалымен айналысатын таксистерге тексеру жүріп жатыр. Ал бүгінгі күні қалада заңды түрде тіркеліп жұмыс істейтін 1400-ге жуық такси бар, деп деп хабарлайды Almaty.tv.

Салықшылар ең алдымен «Саяхат» көлік бекетіне барды. Өйткені, дәл осы жерден жолаушыларды заңсыз тасымалдайтын тіркелмеген жүргізушілер көп. Мәселен, Бәйдібек би, Шелек және Есікке жүретін ел осы жерден кетеді.

«Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліңдер деп жатыр. Егер оны жасатсақ, біз қай жерде тұра аламыз. Және біздің табатынымыз мардымсыз ғана ақша, барасың-келесің, бензин қымбат. Бір рет бензин құйсақ, 20-30 литр кетеді, оны есептесеңіз, 4000 теңгеден асып кетеді. Сонда ары кетсе, 3000 теңге табамыз. Соның өзін көп көріп отыр ғой», – дейді такси жүргізушісі Ерболат ЖҮНІСОВ.

Такси жүргізушілерінің кәсібін заңдастырудың екі жолы бар. Біріншісі - жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызметін жалғастыру. Бұл жағдай салық табысының 1 пайызын құрайды. Яғни, патент бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ екіншісі - бірыңғай жиынтық төлем.

«Таксистер негізі, осы бірыңғай төлем төлеу арқылы ғана жұмыс істеп жүре алады. Бұл бірыңғай төлем көлемі аз. Және ол сомаға бүкіл әлеуметтік төлемдер, салық та кіреді. Зейнетақы қорына төлем де соның ішіне кіреді. Ертеңгі күні сіз арнайы медициналық көмек сұрайтын болсаңыз, сонымен қатар, зейнетке шығатын болсаңыз немесе жұмыссыз қалсаңыз, тиісті төлемдердің барлығын мемлекеттен ала аласыз», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айтуар ҚОШМАМБЕТОВ.

Қазір мемлекеттік кірістер басқармасы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Ал сәуір айынан бастап жаза қатаңдатылмақ. Алдымен ескерту қағаздары таратылып жатыр.

«Ескертпе қағазы таратылғаннан кейін, 10 күн уақыт берілді. Егер осы талаптар орындалмаған жағдайда, біздің тарапымыздан хаттама толтырылып, сот органдарына жолданады. Соттың шешімі бойынша айыппұл 15 айлық есептік көрсеткішті құрайды», – деді Алматы қаласы Медеу ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Ержан ЕСЕНҒАЛИ.

Ал таксопаркте нәпақа тауып жүрген жүргізушілерде кассалық аппараты болуы тиіс. Ол жерде мобильді қосымша арқылы веб-касса орнатылған. Сол арқылы чек жіберіледі. Жолшыбай такси ұстайтындар мұндай бастаманы құптайды.

«Салық төлеу мәселесі көтеріліп жатыр. Бұл әлемдік деңгейге, стандартқа сай келеді. Сондықтан бұл кез келген таксиге отырған кезде жолаушының қайда кетіп бара жатқаны және кіммен кетіп бара жатқанын анықтап отыруға мүмкіндік бермек», «Жастар көбінесе өте қатты айдайды. Қорқып отырасың, бірақ үйге жету керек. Қала сыртында тұрамыз, осылай жүруге тура келеді», – дейді  жолаушылар.

Медеу ауданында заңды түрде тіркелген 120 такси жүргізушісі бар. Оның ішінде, 10 азамат осы жылы кәсібін заңдастырған. Енді бұдан былай жолаушы тасымалымен айналысатын барлық темір тұлпар иелері жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Егер олай болмаған жағдайда, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.


Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров