Алматыда Рысқұлов даңғылында орташа жөндеу жұмыстары басталды

Алматыда Рысқұлов даңғылында орташа жөндеу жұмыстары басталды
Жөндеу жұмыстары Немирович-Данченко көшесінен Жангелдин көшесіне дейінгі учаскеде жүргізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл 14 шілдеде мердігер ұйым Рысқұлов даңғылын орташа жөндеу жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Жөндеу жұмыстары Немирович-Данченко көшесінен Жангелдин көшесіне дейінгі учаскеде жүргізілетін болады.

Соңғы жөндеу жұмыстары 2013 жылы жалпы ұзындығы 4,7 шақырымды құрайтын Рысқұлов даңғылында жүргізілген болатын. Оның үстіне, аталған даңғыл бойынша қоғамдық көліктің қоғалысы өте жоғары.

«Осы учаскені тексеру кезінде жол бойында көптеген шұңқыр, ойылған жерлер, қабыршақтану және инженерлік желілерді салғаннан кейінгі жол төсемінің отыруы анықталды. Мұның барлығын ескере отырып Рысқұлов даңғылын 2022 жылғы жол жөндеу жұмыстары жоспарына қосу туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады Алматы мобилділік басқармасы көше-жол желілерін дамыту бөлімінің басшысы Нұрзат Ордабаев.

Еске салсақ, биыл Алматыда 224 көшеде жол жабынына орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 200 км құрайды. Ағымдағы жылы Қайрат, Әлмерек, Алғабас, Ақжар және Шаңырақ-1 шағын аудандарында 70 км жаңа жол салу жоспарлануда. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы қала жолдарының үлесін 86%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Vision Zero тұжырымдамасына сәйкес орташа жөндеуді жүргізу аясында көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерде трапеция тәрізді жасанды кедергілерді, қауіпсіздік қақпақтарын, қауіпсіздік аралдарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Новости партнеров