Астана қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында адам саны әдеттегіден көп. Бір жарым сағаттың ішінде қазақстандық нөмірді алған алғашқы азамат тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ардақ Асқаров таңғы сағат 10:00 шамасында келіп, құжаттарын өткізген. Көлігін Ресейден екі жыл бұрын әкелген екен.
«Көлігімді тіркеуге қою үшін шамамен 215 мың теңге жұмсадым. Ресейге барып, өзім сатып алғам. Сәйкесінше, қолымда тіркеу қағазы болды. Сатып алу-сату келісімшарты бар. Құжаттарымды бірден қабылдады, нөмірімді алып тұрмын», – деді қала тұрғыны Ардақ Асқаров
Ал көлігін шетелге барып өзі әкелмеген қазақстандықтар рұқсатты ала алмай жатыр екен. Марат Оразалиев 2020 жылы Қазақстан азаматынан рөлі оң жақта орналасқан жапонның көлігін алған. Оның алдында неше иесі барын білмейді. Тек сақтандыру полисімен мініп жүр екен. Мұнда келіп өткізсе, кедендік тазартудан өту керек деп құжаттарын қайтарып жіберіпті. Бірақ ары қарай қайда бару керектігін ешкім түсіндірмеген.
«Бізге ешкім түсіндіріп жатқан жоқ. Кеден қызметкері мәліметтерді алып қалды. 1414-тен 1-2 күнде хабарлама келетінін айтты», – деді қала тұрғыны Марат Оразалиев
Шетелдік көлік иесі оны тіркеу үшін 4 құжат ұсынуы керек. Өтініш, жеке басын куәландыратын құжат. Көліктің паспорты және машинаны сатып алу-сату сияқты меншік құқығын растайтын қағаз қажет. Полицейлер Астана қаласында 20 мыңнан астам шетел көлігі заңдастырылады деп болжап отыр.
«Шектеулер тұратын болса, және де басқа да банк қызметкерлерімен шектеулер қойылған жағдайда, ол автокөліктер заңды тіркеуге қойылмайды. Егер де ондай хабарлама алған жағдайда, осы халыққа қызмет көрсету орталығында Астана қаласы Полиция департаменті қызметкерлері бар. Сол қызмектерлерге жүгіне отырып, әрбір азаматқа жекеше түрде түсіндіреді, қандай да бір қолжетімді көмек көрсетуге дайын», – деді полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов.
Шетел көлігін заңдастыру талабы мынадай:
Айта кетерлігі, көліктің рөлі қай жақта орналасқаны маңызды емес. Жылына да қарамайды.
Бүгін басталған науқан жазға дейін жалғасады. Яғни, 1 шілдеге дейін Қазақстандағы шетел көліктері заңдастырылуы керек. Одан кейін Қазақстан азаматы өзге елдің темір тұлпарын тізгіндеп отырса, оған айыппұл салынады. Ал егер қайталанса, айыппұл еселеніп, көлігі айып тұрағына қаңтарылады.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана