|
23.01.2023 | 20:46
3623

Тараз қаласында қоғамдық көлік тапшы

200-ден аса автобус жетіспейді

Тараз қаласында қоғамдық көлік тапшы Almaty.tv

Таразда қоғамдық көлік тапшы. Соның кесірінен жергілікті тұрғындар аязды күндері аялдамада автобусты сағаттап күтуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын компаниялар қаржының жоқтығын алға тартып, жаңа автобус алуға асықпай отыр. 

Дәл қазір көне қалаға 200-ден аса автобус жетіспейді. 400 мыңнан аса халқы бар шаһарда қоғамдық көлік мәселесі өзекті. Қала жұрты автобустардың аздығы мен сапасына жиі сын айтады. Үнемі кестеден кешігуі қала тұрғындарын әбден қажытқан. «Қыстыгүні аязда, жазда аптап ыстықта аялдама сағаттап тұрып қиналамыз» дейді көпшілік. Әсіресе, қаланың шетінен қатынайтындарға оңайға соқпай отыр.

«Үйдің жанында аялдама бар. №33 автобус 1 сағатта бір келеді. Қазір 40 минут болды күтіп отырмын», – деді қала тұрғыны.

«30-40 минут күтем. Автобустың санын көбейтіп, сапасына мән берсе жақсы болар еді», – деді қала тұрғыны.

Ал жолаушы тасымалдаумен айналысатын компанияның басшыларының айтуынша, мәселе саладағы түрлі қиындық пен қаржы тапшылығынан туындап отыр. Сөздерінше, бірер жыл бұрынғы пандемия да кері әсерін тигізген. Бірнеше ай автопарктердің жұмысы тұралап қалғанда, қаржыдан қысылғандар жеке автобустарын сатып жіберіпті. Салдарынан, қаладағы қоғамдық көліктің тапшылығы бірден сезілген.

«Қалада 450 автобус жүрген. Пандемия кезінде 3-4 ай тоқтап қалды. Кей әріптестер ескірген көлікті жалға алған. Жалға берген көлік иесі сатып жіберді. Қазір 350 автобус бар», – деді көліктік компания директоры Рашид Пірманов

Қала бойынша 34 бағытта қатынап жүрген жолаушыларды тасымалдайтын 9 компания бар. Бұл халық үшін жеткіліксіз көрінеді. Сұранысты қанағаттандырып, мәселені түбегейлі шешу үшін шамамен тағы 15-16 бағыт қосу керек.

«Қаланы толығымен қамтамасыз ету үшін 600-700 автобус керек. Шаһарда 340-қа жуық қоғамдық көлік жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек, кем дегенде 200 көлікті 3 жыл ішінде сатып алуды жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев

Кәсіпкерлерге автобустарды жаңалау жөніндегі ұсыныстар жиі айтылып-ақ жүр. 2022 жылы Тараздағы автопарктерге 1,5 миллиард теңге субсидия бөлінген. Дей тұрғанымен, нарықтағы мұндай жаңа көліктің бағасы 50-60 милион теңгеден кем емес.

Жомарт Есқара, Ғани Айдарқұлов, «Алматы телеарнасы», Тараз

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир