«Адалдығыңызды» іспен дәлелдеңіз. Алматы метросы бекеттерінің бірінде «Адал жол» акциясы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жоба «кедергісіз өткел» принципіне негізделген. Яғни, метро бекетіне кірер есіктердің бірі үнемі ашық тұрады. Ал өту үшін жолақысын төлеу-төлемеу адамның адалдығына артылатын шаруа. Жауаптылар пилоттық режимде іске қосылған акция өз нәтижесін беріп жатса, қалған 8 бекетте «Адал жол» ашылатынын айтады.
«Алматы қаласында 37 жоғары оқу орны бар. Бүгінгі принцип бойынша жұмыс істейтін сол оқу орындарында сатушысы жоқ дүкендер аштық. Тұтынушы өзіне керек-жарағын алып, төлем картасы арқылы ақысын төлеп кете береді. Зерттеу нәтижесі бойынша ешқандай тауар ұрланбаған. Болашақта қаладағы ірі сауда орталықтары желісінде де осындай принцип бойынша жұмыс істейтін кассаны іске қосу жоспарда бар», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Данияр ТАУМҰРАТ.
Бұл биыл ашылған «Алматы адалдық алаңы» фронт-кеңсесінің қолға алған жобаларының бірі. Орталық мемлекеттік орындар мен халық арасындағы «көпір» қызметін атқарады. Алматы қаласы әкімдігінде орналасқан кеңсе тұрмыстық жемқорлықты тамырымен жою жолында жұмыс істеуде.