Алматыда көлік салығын төлемей, қомақты сомада қарызға батқан азаматтың жол талғамайтын автокөлігі айыппұл тұрағына қойылды. Борышкердің машинасы «Сергек» камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалалық мемлекеттік кірістер және Әділет департаменттері, сондай-ақ жол полициясы бірлесіп рейд жұмыстарын жүргізіп жатыр. Берешегі бар көліктер камера арқылы анықталады. Жалпы, 40 мыңнан астам алматылық көлік жүргізушінің салыққа төлеуі керек 3,6 млрд теңге қарызы бар. Бұл берешектерді өндіріп алу сот орындаушыларына өткен. Ал сот орындаушылары банктен шот ашуға, мүлікті иеліктен шығаруға, елден тыс жерге көшуге тыйым сала алады. Сондықтан мамандар салық төлемдерін уақытылы өтеуге шақырады.
«e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы бар. Сол арқылы төлеуді сұраймыз. Егер сізде қарыз 60 айлық есептік көрсеткіштен жоғары болатын болса, онда жеке сот орындаушыларына 25 пайыз салық төлеу керек болады», – деді қалалық МКД түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Айжан Бекеева.