Күзде Алматыда автобустарға газ құятын жаңа бекет ашылмақ. Бұл туралы «QAZAQGAZ» Ұлттық компаниясының төрағасы Санжар Жаркешов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл өз ретінде газ құю бекетінің тапшылығын азайтпақ.
Алматыдағы газ құятын 3 бекеттің істен шығуы қоғамдық көлік қозғалысын шектеп, кептелісте тұруға мәжбүр еткен еді. Кесірінен интервал ұзарып, жолаушылардан түсетін шағым жиіледі.
«1-2 айдай қиналдық. 5-6 сағат кезекте тұрған күндеріміз болды. Халық мені жеп қоя жаздайтын "Қайда жүрсің?" деп. Оларға түсіндіріп айта алмайсың. Қазір енді дұрысталды. Басшыларға рахмет», – деді автобус жүргізушісі Бақыт Қоңырбаев.
Ал қазір автобусқа газ құю шамамен 10 минут уақыт алады. Қызметкерлердің айтуынша, дәл осы бекетке күніне 200-дей автобус келеді. Айта кетсек, қала бойынша 4 бекет жұмыс істеп тұр.
«Қазір «Алматыэлектротранс» бойынша 700-ден астам автобус бар. Келесі жылы тағы қоғамдық көлік аламыз. Оның бәрі газбен жүреді. Автобус көбейген сайын бекет санын артырса жақсы болар еді», – деді №1 коммуналдық автобус паркінің директоры Ерлан Сембаев.
Ал «QAZAQGAZ» Ұлттық компаниясы төрағасы жыл соңына қарай 5-бекет іске қосылатынын айтты.
«Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп 2 АГНКС компрессорлық станса құрылады. Қыркүйектің соңында 5-станса беріледі. Кейін тағы да 2 станса салынады», – деді «QAZAQGAZ» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Ұлттық компания өкілдері жаңа 2 бекеттің құрылысын алдағы 2 жылда аяқтап, қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Іске асса Алматыда газ құятын 7 бекет жұмыс істейтін болады.
Оразай Нұртай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы