Іле ауданы Қараой ауылының тұрғындары үшін қалаға қатынау қиындаған. Себебі күнделікті жүріп тұрған қоғамдық көлік 2 аптадан бері тоқтап қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қараойлықтардың қоғамдық көлік мәселесін көтеріп жүргеніне 4 жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында ауыл жұрты тұрақты қатынайтын автобусқа жарымаған. Бірде сынып тұрса, енді бірде жанармай жоқ болады. Мұндағы 80 пайыз халық Алматы қаласына барып жұмыс істейді екен. Соңғы 2 аптадан бері автобус мүлде тоқтап қалған. Халық тапқан таянғанымыз таскиге кетіп жатыр деп ашынып отыр.
«Байсеркеден 250 теңге, ал Саяхатқа дейін 500 теңге алады. Саяхаттан ары қарай да қатынап істейтіндер бар», – деді Қараой ауылдық округінің тұрғыны Бақытжан Досжанова.
Күнделікті жүріп тұрған автобустардың өзі ауыл округі әкімдігіне қарамайды, жекеменшік көліктер екен. Кәсіпкер бұл жобаны мемлекеттік сатып алулармен тендер арқылы ұтып алған көрінеді. Сондықтан болар, жол ақысының бекітілген нақты бағасы жоқ.
«Менің қызым 7 оқиды. Байсеркеге дейін 100 теңге қызымнан толық алыпты. «Ағай, мен оқушымын ғой, 7 сынып оқимын» десе, қазір демалыс екенін айтыпты», – деді Қараой ауылдық округінің тұрғыны Назира Жексенбаева.
Ауыл мен қала арасына бар болғаны 10 автобус қатынайды екен. Олардың жүру интервалы 30 минут. Ауыл әкімдігі бастапқыда қоғамдық көліктің тоқтап қалу себебін дизель отынының тапшылығымен түсіндірді. Десе де, қазір жанар-жағармай мәселесі тұрақталды. Соған қарамастан, жекеменшік компания иесі қоғамдық көліктерін әлі күнге дейін шығармай отыр.
«Қазір солярка мәселесі бойынша проблема жоқ. Біз тиісті компанияға көлікті шығарыңдар деп өз тарапымнан талап қойып жатырмын», – деді Қараой ауылдық округінің әкімі Айдос Тәженов.
Ауыл әкімдігі мен жеке кәсіпкер арасындағы келісімшарт дұрыс орындалмауынан ортада қараша халық зардап шегіп отыр. Тұрғындар бәрінен бұрын балалары үшін алаңдайды. Себебі оқу жылының басталуына небәрі 1 апта қалды. Оқушылар мектепке де осы автобуспен барады екен.
Қараой ауылдық округі мен қала арасында қатынайтын автобустар міне өздеріңіз көргендей осылай қаңтарылып бос тұр. Оған не себеп болғанын сұрамақ болып, автотұраққа келгенбіз. Бірақ басшылықтан жауап беретін ешкім болмады. Халықтың ендігі бар үміті ауыл әкімдігінің қандай шешім қабылдайтынына байланысты болып отыр.
Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы