|
24.05.2023 | 19:03
2505

Астанада авиация нарығы мен авиаотынның негізгі мәселелері талқыланды

Елде авиаотынды тұтыну көлемі 800 мың тоннадан асады

Астанада авиация нарығы мен авиаотынның негізгі мәселелері талқыланды tengrinews.kz

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты іске қосылғаннан кейін жылына 1 миллион тонна авиакеросин өндіруге мүмкіндік туады. Қазір елдегі 3 мекеме жылына 660 мың тонна сұйық отын өндіреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бірінші қазақстандық авиациялық диалог». Дәл осындай атаумен Астанада ауқымды іс-шара өтіп жатыр. Бұл басқосуға авиация саласының сарапшылары мен шетелдік мамандар шақырылған. Басты талқыланған тақырып – Орталық Азияның транзиттік әлеуетін арттыру, соның ішінде Қазақстанның Джет А-1 маркалы авиаотынға көшуі. Біздің елдің мұнай өндірушілері мұндай отын түрі қауіпсіз әрі халықаралық стандарттарға сай келетінін айтады.

– Бүгінде Қазақстандағы барлық мұнай өңдеу зауыты халықаралық стандарттарға сай келетін және әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын Джет А-1 маркалы отынды өндіруге дайын. Отынның бұл түрін пайдалану біздің елдегі әуежайларда орналасқан жанармай құю бекеттеріне сұранысты арттырады. Сонымен қатар отандық авиация саласына қызмет көрсету қауіпсіздігі мен сапасын көтеруге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды  «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС бас директоры Ильдар Шамсутдинов.

Елдегі әуе компаниялары мен транзиттік ұшақтардың авиаотынды тұтыну көлемі 800 мың тоннадан асып жығылады екен. Ал Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары 660 мың тонна ғана өндіреді. Қалғаны шетелден жеткізіледі. «Шымкенттегі өндіріс орны іске қосылған соң импортқа тәуелділік жойылады» дейді Мағзұм Мырзағалиев. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сай Джет А-1 маркалы отынды да өндіруге зауыттар дайын.  

– Джет А 1 авиакеросинді біздің қолданыстағы ТС пен РТР маркалы авиакеросинді бір резервуарда сақтауға болмайды. Сондықтан оларға арнайы бөлек резервуарлар салынуы керек, – деді  «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Ал ол үшін елдегі әуежайлар өз қаражатына инфрақұрылымды жақсартып, резервуарлар салу керек екен. Алматы халықаралық әуежайы мұндай стандарттарға толықтай дайын екенін жеткізді. Тіпті сұйық отынды үздіксіз беріп отыру үшін қосымша екі танкерлері бар көрінеді. Әуежайдың Президенті авиакеросинді отандық мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей алсақ деген ұсыныс айтты.

– Қазақстан Үкіметі отандық мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей отын алуды қолжетімді етсе екен. Себебі бізде керосин басқа елдермен салыстырғанда арзан болған соң, транзиттік ұшақтар біздің әуежайдан жанармай құйып әкетеді. Бұл бізге де, билікке де пайдасын тигізетіні сөзсіз, – деді  «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Алп Ер Тунга Ерсой.

Жиында сарапшылар Қазақстандық азаматтық авиациялық нарықты авиаотынмен қамтамасыз ету және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін халықаралық стандарттарды қабылдау керек екенін айтты. Сонымен қатар қазақстандық декларацияны алу үшін қолданыстағы нормативтік-техникалық базаны осы стандартпен біріктіруді ұсынды. 

Айта кетейік, басқосу ертең де жалғасын табады.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир