Елімізде ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірнеше бағытта пойыз кешігіп жатыр. Халық барар жеріне жету үшін вокзалдың күту залында сағаттап отыруға мәжбүр. Өйткені жол жүру кестесі жиі өзгеруде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде сарышұнақ аяз әлі де сақталады. Бұл – синоптиктердің ауа-райына қатысты алдағы үш күнге жасаған болжамы. Қолайсыз ауа райына байланысты Алматы-Астана, Алматы-Петропавл бағытындағы пойыздарда кешігіп жатыр.
Ал халық бұл жағдайға түсіністікпен қарайтынын айтады:
– Бұның барлығы ауа-райының қолайсыздығына байланысты. Әрине, түсінеміз, күтеміз.
– Ақыл тоқтатқан адамбыз. Барлығын түсінеміз. Сондықтан сабырмен күтуге дайынбыз. Тек бір әттеген-айы, біз Петропавл қаласынан Омскке жол жүруіміз керек. Соған кешігіп қалмасақ болды.
– Мен негізінде сағат 15:45-те отыруым керек. Жаңа бізге айтты. Хабарлады. 16:30-да келеді деп. Жарты сағат кешігеді ғой.
Теміржол вокзалында жолаушыларға пойыз кешіккен жағдайда күту үшін бар жағдай жасалған. Мұнда орындар жеткілікті. Ал асхана түнгі уақытқа дейін жұмыс істейді. Шағын сауда нүктелерінде сусын және басқа да жеңіл-желпі ас түрлерін сатып алуға болады.
Өз кезегінде тасымалдаушы компания белгіленген қозғалыс кестесін қалпына келтіру үшін қолдан келгенді жасап жатыр. Олар кешігуге - ауа-райының күрт суып, қалың қар мен желдің күшеюі себеп болған. Өйткені мұндайда пойыз жылдамдығын азайтады. Яғни, бұл халықтың қауіпсіздігі үшін жасалған шара.
«Пойыз 1 сағаттан астам уақытта кешіккен жағдайда әр кешіккен сағаты үшін жол жүру құжатының үш пайызы көлемінде айыппұл төленеді. Пойыз 6 сағаттан артық уақытта кешіктірілсе,мейрамхана вагондарында тегін тамақ беріледі. Сондай-ақ вокзалдарда тамақтану пунктерінің сауда нүктелері санитарлық аймақтардың үздіксіз жұмысын бақылайды», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқали.
Тасымалдаушы компания жолаушыларға пойыздардың кешігуі туралы ақпарат уақытылы жіберіліп жатқанын айтады. Сондай-ақ қосымша мәліметтерді 1433 нөмірі арқылы алуға болады. Оған қоса, жол жүруден бас тартсаңыз, билеттің құнын толық қайтаруға да мүмкіндік бар екен.
Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы