Елімізде көліктерді техникалық байқаудан өткізетін орталықтарға талап күшейтілмек. Себебі тексерістен дұрыс өтпеген автомобильдер республика аумағында еркін жүреді. Ал жол апатына дәл осы ескі көліктер көптеп түседі екен. Осылай деген Ішкі Істер министрі жемқорлық жайлаған техникалық байқау орталықтарының жұмысын қатаңдатуды ұсынды. Сондай-ақ Марат Ахметжанов ел аумағында айып тұрағының жетіспейтінін айтты. Жыл басынан бері тізгіншілерге 49 миллиард теңге айыппұл салынған екен. Ал жол-көлік оқиғасы былтырға қарағанда 14 пайызға жоғарылаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ішкі Істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, жол апаты көбіне қала сыртындағы трассаларда болады. Онда қаза болу көрсеткіші 69 пайызға дейін барады екен. Әсіресе «Батыс Еуропа - Батыс Қытай», «Алматы – Ташкент», «Орал-Атырау» тасжолдарындағы жағдай қиын. Министрдің мәліметінше, елде автопарк ескірген. Қазақстандағы машиналардың 50 пайыздан астамының тозығы жетіп, көліктің пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан. Бұл да жазатайым жағдайлардың жиілеуіне себеп болады. Ал темір тұлпарлардың техникалық жағдайына тиісті бақылау жүргізілмейді деген бас полицей бір қалада отырып, екінші қаладағы көліктерді тексерістен өткізген фактілердің жиі тіркеліп кеткенін айтады. Министр бұл орталықтарға талапты қатаңдатуды ұсынып отыр.
«Автокөліктің иесін тоқтатқан кезде мысалы, шетелдердің тәжірибесі бойынша егер егесін тоқтатқан кезде көлігі жарамсыз болған кезде, сол жерде егесіне айыппұл салады да, көліктің жарамдылығын, техникалық жарамдылығын, жауаптылық сол өзінің егесіне жүктеледі. Екі жолы бар енді. Бүгін осындай ұсыныс енгіздім», – деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Марат Ахметжанов жол апатына себеп болатын тағы бір фактор – жолдардың жағдайы және нашар инфрақұрылым дейді. Жол жиегіндегі белгілердің жетіспеушілігі де жазатайым жағдайларға сеп болады. Министрдің айтуынша, ел аумағында 25 мың жол белгісі мен 1 миллион шақырымнан астам жол таңбасын орнату қажет. Ал Индустрия министрі Қайырбек Өскенбаев құрылыс жүріп жатқан аумақтардағы белгілерді жүргізушілердің өздері көрмей қалады деп отыр.
«Жөндеу жүргізіліп жатқан жолдардың жартысын біз ашып қоямыз. Ал жүргізушілер түнгі уақытта сол жермен жүріп келе жатып, жылдамдықты асырады. Сөйтіп алдындағы жол белгілерін байқамай қалып жатады. Сондықтан біз енді жол құрылысы жүргізіліп жатқан аумақтарда белгілерді алмаймыз деп шештік», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Үкімет отырысында Әлихан Смайылов Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингте 107 орында тұрғанын айтып, дамыған елдерге қарағанда бізде жол апатынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары деді. Сондықтан Ішкі Істер министріне сапасыз жүргізушілерді даярлайтын автомектептердің жауапкершілігі мәселесін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, жол жүру ережелерін жиі бұзатын жүргізушілерге деген жазаны қатаңдату керек деді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы